«ҚазАвтоЖол» халықаралық банктен несиеге алатын 291 млн доллар қайда жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM – «Қызылорда-Жезқазған» жолын салу жобасына «ҚазАвтоЖол» Азия даму банкінен 291 млн доллар несие алады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлім етті.  

«ҚазАвтоЖол»-дың халықаралық банктен несиеге алатын 291 млн доллары қайда жұмсалады
Фото: ҚазАвтоЖол

«291 млн доллар несие «Қызылорда-Жезқазған» жолын салу жобасына арналған. Қазіргі таңда мердігер тағайындалды. Өздеріңіз білесіздер, бұл 30 жылдан астам күткен жол. Биыл бұл жолдың 140 шақырымын пайдалануға бергелі отырмыз», - деді Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілінің қойған сұрағына жауап бере отырып.

Былтыр Сенат депутаты Андрей Лукин «ҚазАвтоЖол» бір көзден 8,3 млрд теңгеге келісімшарттарды заңсыз жасаған деп мәселе көтерген. Осыған орай журналистер Дархан Иманашевқа қарызға алған қаржының қалай жұмсалатыны жайлы сұрақ қойды. 

Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» басшысы компанияның бір көзден келісімшарт жасасу ісіне қатысты түсінік берді. 

«Бір көзден келісімшарт жасау мәселесіне келсек, біз тек жолдарды күтіп ұстаумен айналысатын «КАЖсервис» ЖШС-мен ондай келісім жасасамыз. Бұл Үкімет қаулысымен шешілген мәселе. Басқа компаниялармен бір көзден келісімшарт жасаспаймыз. Тек Қаржы министрлігінің платформасы арқылы тендер жариялаймыз. Сол арқылы жұмыстар таратылады. Ал, қарызға алған қаражатты біріншіден өзіміз бақылауға аламыз, екіншіден халықаралық банктер өздері қадағалайды. Сол себепті ол қаржы мақсатсыз жұмсалмайды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы. 

Айта кетейік, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» тағы да қарыз алатынын хабарлаған едік. 

Сондай-ақ мемлекеттік қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бұрынғы төрағасы мен бас мердігерге қатысты тергеу аяқталды. 

Соңғы жаңалықтар