ҚазАвтоЖол компаниясы сенатор Андрей Лукиннің сынына жауап берді
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАвтоЖол компаниясы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин сынына қатысты жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, бұған дейін сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында ҚазАвтоЖол бір көзден 8,3 млрд теңгеге келісімшартты заңсыз жасағанын мәлімдеген еді.
«Шарттар уәкілетті орган әзірлеген квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін қолданыстағы сатып алу қағидалары шеңберінде жасалды. Мәселен, сатып алу қағидаларының 287-тармағында сәйкес, бір көзден сатып алу үшін негіз болатын шарт жасасуға болады. Тиісінше, соған сай сатып алу жүргізіледі. Жеткізушілерді таңдау коммерциялық ұсыныстар негізінде ең төменгі баға ұсынысы бойынша жүзеге асырылды. Ең төменгі баға ұсынған жеткізушілермен шарт жасалды», - деп жауап берді компаниядан ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.
ҚазАвтоЖолдан аталған сатып алулар көлік жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, адамдардың қаза болуына әкеп соғуы мүмкін төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеуге бағытталғанын мәлім етті.
«Инновациялық тәсілдерді қолданбай автожолдарды жобалау туралы ескертулерге келетін болсақ, ҚазАвтоЖол жол құрылысында жаңа технологияларды зерделеу және енгізу үшін жұмыстар жүргізіп жатыр. Алайда, қоғам сараптама жүргізу кезінде бұл қызметтердің айтарлықтай қымбатқа түсуіне байланысты қолдамайды. Сонымен қатар, геотекстильді қолданған кезде жобалардың құны жалпы жұмсалатын қаражаттан 5%-ға дейін қымбаттайды. Мәселен, ұзындығы 1,5 мың шақырымға жуық автожолдың жобалық учаскелеріне инновациялық технологияларды қолдана отырып жөндеу кезінде баға қосымша 20 млрд теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін», - деп мәлімдеді ҚазАвтоЖолдан.
Еске салайық, Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында жол саласына қомақты бюджет қаражаты бөлініп жатқанына қарамастан, көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру тиісті деңгейде емес екенін айтқан еді.