«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында кадрлық ауыс-түйістер орын алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уәкілетті мемлекеттік орган - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің және жалғыз акционер - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АО келісімімен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұйрығымен бірқатар тағайындаулар жүргізілді.
Компания сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Берік Желдікбаев тағайындалды.
Бұл қызметке дейін Б.Желдікбаев «ҚазАвтоЖол» Ақмола облыстық филиалының директоры болып еңбек еткен. Одан бұрын компанияның Жамбыл облыстық филиалында жұмыс істеген. Б.Желдікбаевтің құзіретіне республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының пайдаланылу мәселелері: күрделі және орташа жөндеу, автожолды ұстап тұру енетін болады.
Сонымен бірге, «ҚазАвтоЖол» Маңғыстау облыстық филиалының директоры болған Нұрланбек Өмірбаев компанияның бас инженері болып тағайындалды. Н.Өмірбаев құрылыс сапасын бақылау және автокөлік жолдарын қайта жаңарту, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау мәселелеріне жетекшілік етеді.
Республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын қайта жаңарту жұмыстарымен айналысатын желіні дамыту депаратментінің басшысы да өзгерді. Бұл міндет Ерлан Қалымовқа берілді. Е.Қалымов бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ күрделі құрылыс басқармасының басшысы болған.