«KAZENERGY» қауымдастығы қазақстандық студенттердің оқу ақысына 1,1 млн. доллар бөлді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биыл «KAZENERGY» қауымдастығы қазақстандық студенттердің оқу ақысына 1,1 млн. доллар бөлді. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚБТУ және Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ студенттеріне білім сертификаттарын табыстау барысында Қауымдастықтың атқарушы директоры Тоғжан Қожалиева мәлімдеді.
«KAZENERGY» қауымдастығы сегіз жылдан бері қазақстандық жас мамандарды даярлау саласында білім бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Соңғы екі жылда біз жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелері бойынша кадрлар даярлау ісін жүйелендірумен айналысып жатырмыз. Яғни, мұнай өндіруші компаниялар бөлетін қаржының 1 пайызы жергілікті кадрларды даярлауға жұмсалады», - деді Т. Қожалиева.
Оның айтуынша, студенттер арнайы ереже бойынша іріктеледі. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының рейтингі жасалған. Бұдан басқа, әр түрлі ведомство өкілдері енген ашық комиссия құрылды. Ол үміткерлерді іріктеу жүйесінің ашық жүргізілуін қадағалайтын болады.
«Биыл бүкіл Қазақстан бойынша 800-ден астам адам грантқа ие болды. Гранттардың жалпы сомасы - 1,1 млн. АҚШ доллары. Олардың барлығы ашық байқауларға қатысты. Бұл жерде басты талап - үздік оқу. Дейтұрғанмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық берілді. Яғни, оқу ақысын төлеуге жағдайы келмейтін, бірақ үздік оқитын, дарынды жастарға қолдау көрсетілді. Бұл бұдан кейін де жалғасын табатын болады. Өйткені, біз бұл жұмыстың оң нәтижесін көріп отырмыз», - деді Қауымдастықтың атқарушы директоры.
Сонымен бүгін ҚБТУ және Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 51 студенті бір жылдық оқу ақысын жабатын білім сертификаттарына ие болды.