«Қазфлювак» және «Рефлювак» вакциналары ДДҰ-ның талаптарына толығымен жауап береді - С.Мамадалиев
Бұл туралы бүгін вакциналарды жасап шығарған ҚР Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Сейідғаппар Мамадалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз алғаш рет медициналық вакциналар жасап шығардық. Сондықтан, осындай дәрі-дәрмектерге ДДҰ-ның қоятын барлық талаптарын мұқият зерттеу қажет болды. Институттың ғалымдары вакцинаны жасап шығару барысында бірқатар нормативтік құжаттарды құрастырды. Оның ішінде 93 стандарттық лабораториялық процедуралар, 4 лабораториялық регламент, 17 әдістеме жасалды. Бүгінде осы технологияға қатысты құжаттар толығымен рәсімделіп болды», - деді профессор.
Сонымен бірге, профессор вакцинаны жасап шығару барысында институттың ғалымдарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мен ресейлік әріптестер үлкен көмек көрсеткендігін атап көрсетті.