«Қазғарыш» пен «Ресейғарыш» басшылары Байқоңырда жұмыс бабындағы кездесу өткізеді
Қазғарыш басшысы Қазақстан Президентінің Байқоңырдағы арнайы өкілі Сәбит Қожахметовпен кездесті, қазақстандық кәсіпорындардың және ұлттық агенттіктің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы ведомстволық ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді.
Т.Мұсабаев сондай-ақ қазақстандық «Инфракос-Экос» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының жақында Байқоңырда ашылған стационарлық химия-экологиялық зертханасында болды.
Дәл осы сағаттарда Қазғарыш басшысы мен оған еріп жүрген Агенттік төрағасының кеңесшісі, ғарышкерлікке кандидат Айдын Айымбетов ұшу сапарына аттанатын «Союз ТМА-18» ғарыш кемесінің экипажын бекіту жөніндегі мемлекеттік комиссияның мәжілісіне қатысуда.
Бүгін сондай-ақ Байқоңырда «Байтерек» кешені бойынша кіші комиссияның тең төрағалары болып табылатын «Қазғарыш» және «Ресейғарыш» басшыларының жұмыс бабындағы кездесуі болады. Талғат Мұсабаев пен Анатолий Перминов кіші комиссияның бірқатар мүліктік мәселелер бойынша хаттамалық шешімдерінің орындалуы жөніндегі қазақстандық және ресейлік сарапшылардың баяндамаларын тыңдайды.