Қазғарышта «Жиһан көшпендісі» деректі фильмінің көрсетілімі болды
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ұлттық ғарыш агенттігінің мәслихат залында Қазақстан ғарышының тарихына арналған «Жиһан көшпендісі» деректі фильмінің көрсетілімі болды, деп хабарлады «Қазғарыштың» баспасөз қызметінен.
Фильм егемен Қазақстанның ғарыш саласының даму жолы арқылы еліміздің ғарыш саласын қалыптастырудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ролін таныстырады, ұшқыш-ғарышкер, Ресей Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың еңбек жолы туралы баяндайды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша фильмді «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы әзірлеп отыр. Авторы - Сара Нұрғалиева, ұлттық компания президентінің кеңесшісі, Байқоңырда 30 жыл еңбек еткен журналист. Қазақстандық ғарыш тақырыбымен айналысқанына 20 жыл болған журналист көптеген жылдар бойы «ҚазАқпарат» агенттігінің «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі меншікті тілшісі болып табылады.
Бұл күні «Қазғарыш» мамандарына сондай-ақ осы автордың «Талғат Мұсабаев» атты қазақ тіліндегі кітабы таныстырылды. «Ғибратты ғұмыр» айдарымен «Қазақстан» баспасынан шыққан кітап Байланыс және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жарық көрген.
Фильм мен кітаптың шығарылымы космонавтиканың алдағы 60 жылдығына орайластырылып отыр.