Қазгеология мен кореялық KIGAM институты елімізде полиметалл іздейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сеул қаласында Мемлекет басшысының Корея Республикасына мемлекеттік сапарының шеңберінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен «Қазгеология» АҚ басқармасының төрағасы Ғалым Нұржанов KIGAM - Корей геология ғылымдары және минералдық ресурстар институтының президенті Шин Джунг-Хо мырзамен кездесті.
Кездесудің күн тәртібі - институт басшылығымен және оның қызметімен танысу, сондай-ақ Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу ынтымақтастығы перспективаларын талқылау болды.
KIGAM институты өзінің полиметалл кендері мен сирек металдар іздеуге мүдделілігін баса көрсетіп, геологиялық барлау процесіндегі тәсілдер мен жұмыс әдістері, қолданылатын инновациялық технологиялар туралы таныстыруды ұсынды.
Қазақстан-корей бизнес форумы мен іскерлік кеңесінің шеңберінде олар бойынша институт өз тарабынан 2017 жылдан бастап перспективалы жобаларды қаржыландыруға және бірлескен жұмыстарды бастауға әзір екенін білдірген Қазақстанның аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі «Қазгеология» АҚ пен Корей KIGAM институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа «Қазгеология» АҚ басқармасының төрағасы Ғалым Нұржанов және KIGAM институтының президенті Шин Джунг-Хо қол қойды.
Өз тарабынан KIGAM институты «Қазгеология» АҚ-қа Қазақстан Республикасының аумағында геологиялық кластер құру, елдің таукен саласындағы кадрларды оқыту әрі біліктілігін арттыру бойынша консультативтік көмек көрсетіп, тәжірибесін бөлісуге ниеттенуде.
Сондай-ақ, «Қазгеология» АҚ басқармасының төрағасы «KORES-тің» жаңа президенті Ким Ён-Минмен кездесу өткізді. Тараптар Қарағанды облысының Дүйсембай учаскесіндегі бірлескен жоба бойынша ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйін талқылап, дала жұмыстарының қорытындысын жасады және алдағы жылға арналған жоспарларды айқындады.
Еске сала кетсек, KIGAM институты мемлекет оған толық демеушілік көмек көрсететін геология ғылымдарын дамытумен айналысатын әлемдегі жетекші институттардың бірі. Геология ғылымдары саласында зерттеулер жүргізіп, қазіргі заманғы технологияларды ұсынады және қызметтер көрсету арқылы геологияны мемлекеттік дамытуға үлес қосады. KIGAM институтының кіріс 2015 жылы 131 млн долларға жеткен.