KazGeoTengri Ultra супермарафонына 600-ден астам атлет қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 7-8 мамыры аралығында Алматыдан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде, Іле өзені жанындағы атақты Таңбалы тас шатқалында халықаралық KazGeoTengri Ultra Супермарафоны өткізіледі. Бұл Орталық Азия бойынша ойлы-қырлы, сай-салалы жерлермен өтетін жалғыз марафон.

KazGeoTengri Ultra супермарафонына 600-ден астам атлет қатысады

Қазір осы шараға қатысты дайындық жұмыстары аяқталып келеді.

Ұйымдастырушы комитеттің мәліметінше, биылғы жарысқа Қазақстан, ТМД елдері, сондай-ақ, Қытай, АҚШ, Швеция, Финляндия, Бельгия, Франция, Тайланд және Гонконг мемлекеттерінен барлығы 600-ден астам атлет қатысады деп күтілуде.

«Бұл Орталық Азиядағы барлық халықаралық ережелермен сертификатталған жалғыз супермарафон. Биыл біз Халықаралық Trail Running (жолсызбен жүгіру) федерациясының сертификаттауынан да өтіп жатырмыз. Жарысты ұйымдастырудағы мақсатымыз - көшпелілердің мәдениетін насихаттау. Сол үшін де жарыс жолы Ұлы Жібек жолының бойымен жүреді. Қатысушылар қазақтың кең-байтақ даласында екі күн өмір сүріп, өздерін нағыз көшпелілер секілді сезінетін болады. Тауларды, жартастарды, құм төбелерді, қызғалдықты алқаптарды тамашалайды», - деді KazGeoTengri Ultra супермарафонының спорт директоры Тимур Артюхин.

Биыл екінші рет өткізіліп жатқан марафон аясында тұңғыш рет «Экиден» командалық эстафетасы және скандинавиялық жүріс бойынша жарыс өтеді.
Сонымен қатар, супермарафон аясында соқпалы музыкалық аспаптар бойынша фестиваль және шеберлік сыныптары, сондай-ақ басқа да ойындар ұйымдастырылады.

Сонымен, супермаарфонға қатысушылар өз еріктерімен 15, 35 және 70 шақырымдық марафонға қатысады.

Бұл спорттық шараны ұйымдастырушылар - Алматы қаласының Туризм басқармасы және Қазақ география қоғамы.