Қазгидромет: 13 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ертең Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы сақталады, жел күшейеді, боран соғады, көктайғақ болып, тұман түседі. Тек республиканың оңтүстігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Қостанай облысында кей жерлерде боран соғады деп күтілуде, жел 15-20 м/с-ке күшейеді, күндіз жел екпіні 17-22 м/с-ке жетеді. Ақмола, Павлодар облыстарында кей жерлерде боран соғуы ықтимал, жел 15-20 м/с-ке күшейеді, кей жерлерде жел екпіні 25 м/с-ке дейін болады. Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кейбір жерлерінде боран соғады деп күтілуде, жел 15-20 м/с-ке күшейеді. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде боран соғады деп күтілуде, жел 15-20 м/с-ке күшейеді, тұман түседі, көктайғақ болады. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде. Қызылорда, Атырау облыстарында, түнде Алматы облысының бірқатар аймақтарында тұман түсуі ықтимал, көктайғақ болады.
Жақын тәуліктерде республиканың су нысандарында мұз қалыптасу үрдісінің күшеюі байқалады, жекелеген өзендерінде су деңгейі көтерілуі, сең қалыптасуы мүмкін. Оңтүстік және оңтүстік-шығыстың өзендерінде су деңгейі тұрақсыз болады деп күтілуде.