Қазгидромет: 28 қаңтарға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 қаңтар күні республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз, тек республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронтальдық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы сақталады. Жер-жерлерде қар, боранға ұласқан қатты жел, жекелеген аудандарда тұман, көктайғақ күтіледі. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлерінде бұрқасын болады, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Жарма ауданында желдің екпіні 25-28 м/с-қа дейін барады. Қарағанды облысында түнде кей жерлерде боран соғып, тұман түседі, жел 15-20 м/с болады. Алматы облысының кей тұстарында тұман, көктайғақ орын алса, түнде жел 15-20 м/с-қа күшейеді. Қостанай облысының кейбір аудандарында жел 15-20 м/с-қа күшейіп, түнде бұрқасындатады. Ақмола облысында күндіз кей жерлерде боран соғып, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей өңірлерінде тұман, көктайғақ күтіледі. Қызылорда, Атырау облыстарының жер-жерлерінде желдің күші 15-20 м/с болады. Түнде Қарағанды облысының кей аймақтарында аяз күшейе түседі деп күтілуде.