Қазгидромет: 29 қаңтарға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 қаңтар күні республика аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальдық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы сақталады. Жер-жерлерде қар, боран, қатты жел соғады, жекелеген аудандарда тұман, көктайғақ күтіледі, тек республиканың батысында және солтүстік шеткі аймақтарында күн райы жауын-шашынсыз, аязды болады.
Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, күндіз Ақмола облыстарының кей жерлерінде бұрқасын соғып, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Түнде Алматы облысының кейбір тұстарында тұман, көктайғақ орын алса, күндіз Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді, Жамбыл облысының кейбір аймақтарында тұман, көктайғақ күтіледі, желдің күші 16-21 м/с-қа жетеді. Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Күндіз Қызылорда облысының кейбір жерлерінде бұрқасындатып, тұман, көктайғақ болады, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Маңғыстау облысының кей аудандарында боран соғып, көктайғақ болады, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді, Атырау облысының кейбір жерлерінде бұрқасынға ұласқан желдің күші 17-22 м/с-қа жетеді. Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында түнде тұман түсіп, күндіз Батыс Қазақстан облысында желдің екпіні 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.