Қазгидромет: 8 сәуірге арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның солтүстігі мен шығысында атмосфералық фронтальдық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының қолайсыздығы сақталады. Жер-жерлерде жауын-шашын болып, көктайғақ орын алып, күшті жел соғып, солтүстіктің басым бөлігінде жел күшейеді. Республиканың батыс мен оңтүстігі жауын-шашынсыз. Кей жерлерде тұман күтіледі.

Қазгидромет: 8 сәуірге арналған ауа райы болжамы

Ақмола, Қостанай облыстарында жел 15-20-ға күшейіп, кейбір жерлерде екпіні 23-28 м/с-қа жетеді, жекелеген аудандарда көктайғақ болып, Қостанай облысының кей өңірлерінде тұман түседі. Павлодар облысында жел 18-23-ке күшейеді, кей аймақта екпіні 27 м/с-қа жетеді. Солтүстік Қазақстан облысында түнде кей жерлерде қатты жел соғады, күндіз басым бөлікте жел 15-20 күшейіп, екпіні 25 м/с-қа жетеді. Жекелеген аудандарда тұман, көктайғақ орын алады. Шығыс Қазақстан облысының кейбір аймақтарында жел 15-20-ға жетіп, түнде екпіні 25 м/с-қа күшейеді, кей жерлерде тұман түседі. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, түнде Алматы, Жамбыл, күндіз Батыс Қазақстан облыстарының кей өңірлерінде жел 15-22 м/с-қа күшейеді. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау, түнде Алматы облысының кейбір жерлерінде тұман күтіледі.