12:38, 30 Мамыр 2009 | GMT +5
«Қазгидромет»: алдағы аптадағы ауа райының болжамы
АСТАНА. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат - Алдағы аптада республиканың басым бөлігінде қысқамерзімдік жауын-шашындар болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» орталығына сілтеме жасап. Республиканың батысында күн ашық болады. Ауа температурасы түнде 5-10 градустан 12-17 градусқа дейін, кей жерлерде 20 градусқа дейін, ал күндіз 17-25 градустан 25-33 градусқа дейін біртіндеп жылиды. Солтүстік облыстарда аптаның бірінші жартысында кей жерлерде жауын-шашын болады, жел тұрады, одан кейінгі күндері аспан ашық. Түнде ауа райы 5-12 градустан 1-6 градусқа дейін салқындаса, күндіз 12-17 градусты шамалайды, ал аптаның екінші жартысында күн 23-28 градусқа дейін ысиды. Орталық облыстарда аптаның басы мен соңында ауа райы бұлтты болады, кей жерлерде жаңбыр жауып, жел тұрады. Ауа температурасы түнде 7-12 градустан 1-6 градусқа дейін өзгереді, күндізгі ауа райы 15-20 градусты көрсетеді. Аптаның ортасына қарай күн 20-25 градусқа дейін, кей жерлерде 28 градусқа дейін ысиды. Шығыста қысқамерзімдік жауын-шашын болады, апта бойына жел тұруы мүмкін. Түнде ауа температурасы 7-12 градусты, күндіз 18-23 градусты шамалайды. Аптаның екінші жартысында түнде 1-6 градус, кей жерлерде 10 градус жылы болса, күндіз 13-18 градусқа, кей жерлерде 22 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстікте аптаның басы мен соңында қысқамерзімдік жауын-шашын болады, жел күшейеді, аптаның ортасында ғана аспан ашық болады. Ауа райы түнде 8-13 градус, кей жерлерде 16 градус жылы, ал күндіз 27-32, жаңбыр жауған күндері 22-27 градус жылылықты көрсетеді. Оңтүстік-шығыста маусымның 1-і мен 3-інде, одан кейін жексенбі, маусымның 7-сінде жауын-шашын болуы, жел тұруы ықтимал. Түнде ауа температурасы 7-12 градус, кей жерлерде 15 градус жылы болса, күндіз 22-27 градусты шамалайды.