Қазгидромет алдағы наурыз айындағы күн райына болжам жасады
АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылдың наурызы - тосын жағдайларға толы болуы мүмкін. Себебі бұл кезде еліміздің оңтүстігінде көктем басталса, солтүстікте қаһарлы қыс Қазақстандықтармен қоштасуға асығар емес.
Бұл туралы Қазгидромет баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ай бойы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында жел бағыты жиі алмасып отырады, ал батыс пен елдің оңтүстігінде жел екпіні наурыз айының бірінші жартысында күшейе түседі, сондай-ақ солтүстіктің жекелеген аймақтарында бұрқасын тұрады.
Республикамыздың солтүстік бөлігінде наурыздың ортасында тұман түсіп, ал айдың соңында кей жерлерде көктайғақ болады.
Наурыздың бірінші жартысында оңтүстік-батыс аймақтарды есептемегенде жауын-шашын мол жауады, ал айдың соңында жылы жаңбыр барлық аймақтарды қамтиды.
Алдын ала болжамдарға сәйкес 8 наурызда көптеген аймақтарда күн жылы болғанымен, жауын-шашынды болуы ықтимал. Астанада шамалы қар жауып, ауа температурасы күндіз -7°С суықты, ал Алматыда - күн жауын-шашынсыз + 5°С жылылықты көрсетеді.