Қазгидромет астық егетін негізгі облыстарда егін орағы кезіндегі ауа райын болжады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде егін орағы науқаны кезінде ауа температурасы жылы және жауын-шашын норма шегінде болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» сауалына «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Тамыздың аяғына қарай, яғни 25 тамыз кезінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары аумағында өткінші жаңбыр, сондай-ақ кей жерлерде15-20 м/с жел соғады деп болжануда.
Дегенмен, Қостанай облысында ауа райының температурасы жоғарылау болады деп күтілуде. Бұл өңірде температура түнде 18 градусқа дейін, ал күндіз 18...23 деңгейінде қалыптаспақ. 26-28 тамыз кезінде облыста аумағында жауын-шашынсыз, күндізгі температура 15...20 аралығында болады. 29-31 тамызда кей жерлерде өткінші жаңбыр, ауа температурасы күндіз 18...23 жылылықты көрсетеді.
Ал енді қыркүйек айында аталған үш облыстағы алдын ала ауа райы болжамына тоқталатын болсақ, СҚО-да жылы және біршама ылғалды болмақ. Бір айда орташа алғанда ауа температурасы плюс 13...14°С деңгейінде қалыптасып, бұл нормадан 2°С-ге жоғары. Облыстың солтүстік-батысында жауын-шашынның айлық көлемі көбірек болмақ (норма: 26...33 мм), сондай-ақ өңірдік қалған бөлігінде нормаға жақын деңгейде жауады деп күтілуде (норма: 25 мм).
Бұдан бөлек, қыркүйекте Қостанай облысында айтарлықтай жылы және ылғалды ауа райы болжанып отыр. Орташа айлық ауа температурасы плюс 14... 17°С-ге жетіп, бұл өз кезегінде көп жылғы көрсеткіштен 1...2°С-ге жоғары. Жауын-шашынның айлық көлемі нормадан артықтау.
Ақмола облысында да ауа райы жылы әрі біршама ылғалды болмақ. Қыркүйектегі орташа ауа температурасы плюс 12...14°С деңгейінде қалыптаспақ. Бір айдағы жауын-шашын мөлшері норма деңгейінде болжануда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов астық егетін негізгі облыстарда маусымның бірінші бөлігінде нормадан төмен атмосфералық жауын-шашын мен суық ауа райы байқалғанын айтқан еді.
«Астық егетін облыстардың көпшілік бөлігінде маусымның екінші жартысында және шілде айында жауған мол жауын-шашын вегетативтік массаның қалыптасуына, дәнді дақылдар дамуының созылуына, жаздық бидай егістерінде аурулардың таралуына және дамуына әкеліп соқты. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында шілде айында жауын-шашынның мөлшері нормадан 2-3 есе артып, бұл биік бидай сабағының қалыптасуына, соның салдарынан жекелеген танаптарда егіннің жатып қалуына әсер етті», - деді Қ. Айтуғанов.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы алғанда, маусым және шілде айларында оң тиімді температуралардың жеткіліксіздігі байқалды. Ол дәнді, майлы және дәнді бұршақты дақылдардың өсіп-жетілуін шектейді. Егу мерзімдеріне байланысты егіннің дамып-жетілуінің созылуы маусым айында жауын-шашын норма шегінде болған өңірлерде 5-7 күнді, жауын-шашын нормадан 2-3 есе жоғары болған өңірлерде 7-10 күнді құрады.
«Осыны ескеріп, ауа райының көпжылдық тәжірибесіне сүйенсек, тамыз айында егістің дамып-жетілуден артта қалушылығы сақталатын болады және жаппай егін жинаудың басталуы қыркүйек айының бірінші онкүндігінің соңында күтілуде. Тамыз айында ауа райы ыстық болған жағдайда жаппай егін жинаудың басталуы тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында күтілуде», - деп атап өтті вице-министр.