«Қазгидромет» Қытайдың MAZU жүйесін Қазақстанда қолданбақ

АСТАНА. KAZINFORM- Үрімші қаласында «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Алимбаева мен Қытай метеорологиялық әкімшілігінің басшысы Чэнь Чжэньлинь арасында екіжақты кездесу өтті.

«Қазгидромет» Қытайдың MAZU жүйесін Қазақстанда қолданбақ
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кездесуде тараптар заманауи технологияларды енгізу, ерте ескерту жүйелерін дамыту және қауіпті ауа райы құбылыстарын болжау салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі MAZU жүйесі болды. «Қазгидромет» бұл жүйені Қазақстанда қысқа мерзімді болжау, nowcasting және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағыттарында практикалық тұрғыда қолдануға мүдделі.

Сонымен қатар Fengyun спутниктік деректерін пайдалану және ауа райы процестерін бақылаудың заманауи құралдарына қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастырып, алдағы практикалық қадамдарды айқындауға келісті.

Осыған дейін Қазақстан мен Қытай университеттері медиакоммуникация саласында бірлесіп жұмыс істейтіні белгілі болды.