«Қазгидромет нақты болжам бермейді» – Экология министрінің пікірі қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова «Қазгидромет ауа райына қатысты нақты болжам бере алмайды» деген сынға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет нақты болжам бермейді» – Экология министрінің пікірі қандай

«Біз мәселені көтердік. Қазгидромет болжамының сапасы олардың гидрологиялық желісінің қаншалықты жан-жақты тармақталғанына байланысты. Гидрологиялық болжам жасау үшін көршілес елдерден – Қырғызгидромет пен Өзгидрометтен деректер алынады. Жалпы, Шу-Талас бассейні бойынша болжам жасалған кезде, негізінен Қырғызгидромет болжамдарына сүйендік. Дегенмен, шынымен де Қазгидрометке гидрологиялық бекеттер желісін кеңейту қажеттігіне қатысты мәселе бар. Өйткені, қамту барынша кең болса, болжам да нақтырақ бола түседі», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ведомство басшысы қосымша қар өлшеу бағдарларын ашу қажеттігіне тоқталды.

«Біз бұл мәселені де көтеріп, Су кодексіне қостық. Дегенмен, гидрологиялық болжамның өзі циклонға байланысты болғандықтан, кейде болжамның расталмауы мүмкін екендігін де түсіну қажет. Мұндай жайт ең дамыған елдердің өзінде де болып тұрады. Бірақ, гидрологиялық желілерді кеңейту қажеттігі сөзсіз. Бұл жоспарымызда бар. Кестесін жасап қойдық. Биыл осы бағытта жылжимыз», - деді Зүлфия Сүлейменова.