Қазгидромет республикада минус 40-45 градусқа дейін аяз болатындығы туралы ескерту жасады
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - 31 қаңтар түнінде, 1-2 ақпан күндері қатты аяз болады деп күтілуде: Алматы облысының солтүстік-шығысында және Жамбыл облысында -30, -35 градус, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында -40,-45 градус, Қарағанды облысының солтүстік-шығысында -40, -45 градус аяз болады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
31 қаңтар түнінде, 1-2 ақпан күндері Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында -40,-43 градус аяз болады деп күтілуде, 1-2 ақпан түндері Маңғыстау облысында -22 градусқа дейін суытады.
Қазақстанның көп бөлігінің 31 қаңтардағы ауа райына Кар және Баренц теңіздері аудандарынан келген суық ауа массалары әсер етеді. Республиканың көп бөлігінде аязды күн райы сақталады, жекелеген облыстарда желдің күшеюі, бұрқасын, тұман, көктайғақ болуы мүмкін.
Маңғыстау облысында кейбір жерлерде көктайғақ, желдің секундына 15-20 метрге дейін күшею болады деп күтілуде. Солтүстік Қазақстан облысында кейбір жерлерде тұман болуы мүмкін. Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, күндіз Қостанай облысында кейбір жерлерде бұрқасын, желдің секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында кейбір жерлерде тұман, көктайғақ, секундына 15-20 метрге дейін соғатын екпінді жел, Оңтүстік Қазақстан облысының жекелеген аудандарында - жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Алматы облысында түнде кейбір жерлерде қалың қар жауып, тұман болады, Жалаңашкөл стансасы ауданында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің секундына 15-20 метрге дейін күшеюі күтілуде.
Павлодар, Алматы облысының солтүстік-шығысында түнде қатты аяз болады деп күтілуде. Қарағанды облысында түнде қатты, кейбір жерлерде өте қатты аяз болады. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысының кейбір жерлерінде, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында түнде қатты аяз болады деп күтілуде.