Қазгидрометтің Атырау филиалының директоры сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы директорының орынбасары Ә.Әміров экологиялық мониторингілеу үшін бөлінген бюджет қаражаттарын жымқырғаны үшін екі жылға шартты түрде сотталды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Атырау облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеулер қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазгидрометтің Атырау филиалының директоры сотталды

«Көп мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражаттарын жымқыру фактісі бойынша Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеулер қызметі 2017 жылғы экологиялық мониторингілеу үшін бөлінген бюджет қаражаттарын жымқырғаны үшін «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы директорының орынбасары Әміров А.-ға қатысты ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі, 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексеру ісін тіркеді», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында күдіктінің айыбы дәлелденіп, 4 463 110 теңге мөлшеріндегі келтірілген материалдық залал толығымен қайтарылды.
Атырау қаласы №2 сотының 2018 жылғы 8 қаңтардағы үкімімен Ә.Әміров айыпты деп танылып, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы берілді.