ҚАЖ пенитенциарлық мекемелерінде өткізілген режимдік-алдын алу шаралары елеулі нәтижелер берді

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемелерінде үстіміздегі жылғы маусымның 14-інен бастап «Режим» режимдік-алдын алу шаралары өткізілуде, деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметінен.

ҚАЖ пенитенциарлық мекемелерінде өткізілген режимдік-алдын алу шаралары елеулі  нәтижелер берді

Жоспарлы іс-шараның негізгі мақсаты, жедел ахуалды сауықтыру және сотталғандар мен тергеліп жүрген тұтқындағы азаматтардың ұсталуы режимін нығайтуға бағытталып отыр. Сонымен қатар, шара барысында колонияларға тыйым салынған заттардың келу арналарына тосқауыл жасау бағытындағы жұмыс та күшейтілді.

ҚАЖ қызметкерлерінің бағдарлы жұмыстарының нәтижесінде, алғашқы екі күннің ішінде колонияға заңсыз түрде жеткізілмек болған 50 дана ұялы байланыс құралы, шамамен 150 литрдей спиртті ішімдік пен ондаған грамм түрлі есірткі заттары тәркіленді, деп атап өтті баспасөз қызметінде. Мәселен. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында ОВ-156/13 мекемесінің қызметкерлері Өскемен қаласында облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірлесе атқарған жедел-алдын алу шарасы кезінде шетел маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру кезінде оның жүргізушісінен героин есірткісін тауып, тәркіледі. Келесі бір жағдайда, ОВ-156/20 мекемесінде жазасын өтеуші сотталған азаматқа кездесуге келген өскемендік бір азаматтың шұлығынан жеті грамнан астам героин есірткісі табылып, тәркіленді.