Қажылыққа байланысты алаяқтық: Турфирма басшысы имам болып жұмыс істеген бе

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда қажылыққа байланысты 180 адамды алдаған күдіктіге байланысты тергеу жүріп жатыр.

Қажылыққа байланысты алаяқтық: Турфирма басшысы имам болып жұмыс істеген бе
Фото: pexels.com

Бірнеше күн бұрын Алматы қаласының полициясы алаяқтық ісіне байланысты Алматы облысының тұрғыны ұсталғанын хабарлады. Департамент мәліметінше, күдікті өзін «Jazera travel» туристік фирмасының басшысы ретінде таныстырып, қажылыққа жөнелту бойынша қызмет көрсететін жалған келісімшарттар жасаған.

- Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктіге кемінде төрт адам көмектескен. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс алаяқтық дерегі бойынша тергеліп жатыр, - хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Бұл жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасады. ҚМДБ мәліметінше, «Jazera travel» компаниясының басшысы Мейіржан Ырыскелді ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейді.

- Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Марсель Тамашбековке «Jazеra travel» компаниясының басшысы Мейіржан Бауырұлы ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам «Jazеra travel» компаниясының қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен. «Jazеra travel» компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталу үстінде, - делінген ҚМБД мәлімдемесінде. 

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұмраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екенін хабарлады. Басқарма жауабына сәйкес, ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде.

- ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай ұмра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр ұмра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда ұмраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы. Осы ретте ұмраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екенін жеткіземіз. Сонымен қатар отандастарымызды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен ұмра сапарына бармауға шақырамыз, - деп мәлімдеді ҚМДБ.

Еске салайық, бұған дейін ІІМ шетелдегі қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар