Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы жарық көрді

Ы. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін  Алматыда Қытайдағы қазақ әдебиетінің классигі, белгілі саяси қайраткер, шыңжаңдық қандасымыз Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының тұсаукесер рәсімі өтті,

Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс»  романы жарық көрді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталмыш шығарма «Атажұрт»  баспасынан «Әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы бойынша жарыққа шықты.

   Өмірінің 40 жылдай уақытын абақтыда өткізген жазушы бүгінде 85 жастан асып отыр. Алайда, қаламы қолынан түспей, қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан қаламгер Қытай Халық Республикасында «саяси қылмыскер» атанған. Бүгінгі күні қазақ қоғамында  Қажығұмар Шабданұлының шығармаларына деген сұраныс үлкен. Сүйінші дананы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев роман авторының қызы Гүлжайнар Қажығұмарқызына табыстады.

         «Бүгін қазақ мәдениетіндегі үлкен оқиғаның куәсі болып отырмыз.  Көп томдық романның  кіндігі түрмеде кесілді. Бұл - Шыңжаң қазағының жарты ғасырлық  тарихын қамтитын, Қытайда өмір сүріп жатқан қазақ ұлтының тағдырынан сыр шертетін эпопеялық шығарма. Кітаптарда 30-80 жылдар аралықтарындағы Қытай елінде болған оқиғалардың барлығы қамтылған. Тағы бір ерекшелігі, тергеушіге жауап ретінде «Мың бір түн» ертегі формасында жазылған», деді Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділ.

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің айтуынша, 6 томдық романның дайындалуы мен қалың оқырман қауымға жол тартуына  Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің сіңірген еңбегі орасан зор. Өйткені ол  төте жазумен жазылған қолжазбаны кирилицаға түсірткен, баспаға дайындаған.

         Саяси қылмыскер ретінде түрмеге жабылған автордың екі кітабы бостандықта, қалған төрт кітабы темір тордың ар жағында отырған кезінде жазылған. Қазақстанда бірінші рет толық жарияланып отырған автордың алғашқы екі кітабы «Қылмыс» (1 том, 2005ж.) және «Пана» романдары (2004 ж.) да алғаш «Атажұрт» баспасынан шыққан болатын.