Қажығұмар Шабданұлының “Қылмысы” қазақ әдебиетіндегі алғашқы 6 томдық роман – Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ

АЛМАТЫ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өмірінің 44 жылын түрмеде өткізіп халқының қасіретін романға айналдыру Қажығұмар Шабданұлының үлкен ерлігі. Бұл бүгін Алматыда белгілі жазушы, ақын, драматург Қ. Шабданұлының 6 томдық "Қылмыс" романын Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ұсыну туралы баспасөз мәслихатында айтылды,

Қажығұмар Шабданұлының    “Қылмысы” қазақ әдебиетіндегі алғашқы 6 томдық роман – Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бодан, кіріптар болып, біреудің босағасында жүрген соң екінші бір мекенің түрме болады. Ұлт үшін күрескен, ұлттың азаттығы үшін күрескен адамға, еркін ой-пікір үшін күрескен адамдардың қашан да екінші мекені түрме. Қажекеңнің тағдыры соны әйгілейді. Бұл кісі жай жатпаған. 6 томдық "Қылмыс" романының алғашқы екеуін бостандықта, қалғанын түрмеде отырып жазған. Оны шамның, терезенің жарығымен тілдей қағазға бөліп-бөліп жазып, келген-кеткен кісіден сыртқа жіберіп, кейін оны нөмірлеп романға айналдыру үлкен азапты жұмыс. Қажекеңнің бастан кешіргендері әдебиетке деген құштарлық пен болашаққа деген сенімнің айғағы", дейді Қазақстаның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділ. Қаламгердің айтуынша, бұл шығарма Қытайдан Қазақстанға көшкен адамның көші мен жолаушының дорбасының түбінде және тағы басқа да түрлі жолдармен Алматыдағы Қабдеш Жұмаділге тисін деген адреспен әкелінді. Қазақ әдебиетіне қосылған алғашқы 6 томдық бұл роман үнсіз-түнсіз, елеусіз қалдыратын қатардағы шығарма емес.

"Біздің руханиятымызға үлкен әсер ететін мұндай кітаптар көп жазылып жатқан жоқ. Қазір ұлттың 50 жылдық қасіретін жазып отырған қайсымыз бар. Мұхтар Әуезовтен кейін қайсымыз жаздық. Оны елеусіз қалдыру елдігімізге де сын болатыны күмәнсіз", дейді әріптесінің пікірін құптаған Қазақстаның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбай.