Қажылық сапарға шыққандар алғаш рет Астанадан тікелей ұшақпен аттанды

ТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астаналықтар қажылық парыздарын өтеуге алғаш рет тікелей ұшақпен аттанды.

Қажылық сапарға шыққандар  алғаш рет Астанадан тікелей ұшақпен аттанды

Бұл туралы «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб-имамы Төлеби Оспан мәлім етті.

Мұсылмандық парыздардың бірі - қажылықты өтеуді ниет еткен мұсылмандар Астана халықаралық әуежайынан сапарға үстіміздегі қазан айының 22-сінен 23-іне қараған түні шықты.

Түнгі сағат 11 шамасында Астана әуежайы сапарға шығушылар мен шығарып салушыларға лық толды. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с) өмір сүріп, ауасын жұтып, топырағына аунаған қасиетті мекендерге сапар шегіп бара жатқандықтардың жүздерінде үлкен қуаныш болды.

Қажылыққа Астана қаласынан тікелей ұшуға тәуекел еткен алғашқы компания - «Ансар-Круиз» қажылық компаниясы. Астана қаласынан шығатын компания ұшақтары алдымен Ыстамбұлға, одан Медине қаласына ұшатын болады. Қайтар бағыттары да осылай болмақ.

«Астаналықтар мен солтүстік аймақтардың мұсылмандары үшін бұл аса қолайлы. Өйткені, арқадан арқаланып барған олар Алматы қаласында бір-екі күн сарыла тосып жүріп ұшады. Әрине, бұл әсіресе үлкен кісілер үшін едәуір қиындықтар туғызып келгені сөзсіз», - дейді Т.Оспан.

Болашақ қажыларға сәт сапар тілеу үшін ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Қалижан қажы Заңқоев әуежайға арнайы келді. Ол сапарға шығып бара жатқан ақжаулықты аналар мен ақсақалды қарияларға қажылық сапарының мән-маңызын, сапардың өзіне тән қиыншылықтары мен машақатына тәзімділік таныту керектігін айтты.

«Қажылық - саяхат сапары емес, бұл - құлшылық сапары. Сондықтан бұл сапарда барынша сабырлы болып, әрбір құлшылықты құлшынып орындау керек. Кемедегінің жаны бір демекші, осы компаниямен бара жатқандар бір-бірлеріңізге жәрдем беріп, қарайласып жүріңіздер. Әсіресе, мына аталарымыз бен апаларымыз бойында қуаты бар жастарға аманат. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің бір хадисінде айтқан: Аллаға жақындататын екі жақсы іс бар. Оның бірі Аллаға иман келтіру болса, екіншісі бір адамға жәрдем беру», - деді Қ.Заңқоев.

«Қабыл болған қажылықтың қайтарымы тек қана жаннат»,- деген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с). Сол себепті, қажылық амалдарын толық және шын ықыласпен орындауға тырысыңыздар. Сіздер арқылы қасиетті сапарға аттанған барша қазақстандық мұсылмандарға сәт сапар тілейміз», - деп ақ батасын берді.

Айта кетейік, бүгінгі күні Астана қаласындағы барлық мешіттерде қажылық курстар ұйымдастырылды. Курста қажылыққа баруға ниет еткен кісілерге сапардың мән-маңызы және жасалатын ғибадаттары жайында мағлұматтар беріліп, айтылатын дұға-тілектер жаттатылады.