Қажылық сапарына қатысты бірқатар шектеулер қойылды
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Қажылыққа бару мерзіміне қатысты шектеу қойылатын болды. Ендігі жерде шетелдік төлқұжатына виза белгісі соғылғанына қарамастан қажылар тек бес жылда бір рет бару мүмкіндігіне ие болады, деп жазады muslim.kz. Сауд Арабиясы королдігінің билігі саусақ іздері бойынша қажыларды есепке алып жатқанын айта кету керек.
Жаңа ереже арнайы бағдарлама бойынша қажылық парызын өтегісі келетін қажыларға да қатысты. Осыған байланысты қажылардың екі тізімі жасалатын болды. Бірінші тізімге соңғы бес жылда қажылыққа бармағандардың аты-жөні енетін болса, келесі тізімде соңғы бес жылда қажылық парызын өтегендердің есімі есепке алынады.
Екінші тізімге енген қажылар визаны Сауд Арабиясы елшілігі алғашқы тізімді қарағаннан кейін ала алады. Бұл тәртіп қасиетті сапарға алғаш аттанғандарға қажылық парызын өтеуіне мүмкіндік береді.