Қажылыққа барған қазақстандықтардың жалған визамен ұсталып, қамауға алынғаны рас па

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Меккеге қажылық парызын өтеуге барған отандастарымыздың сапары бойынша кезекті дау шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ZamZam Qazaqstan қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылыққа аттанған Қазақстанның 380 азаматына берілген виза құжаты жалған болып шықты. Жалған құжатпен барған азаматтар қамауға алынған». Әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Бұған дейін «Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы – Zam Zam store) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, сондықтан аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жарияланған болатын. Сонымен қатар, мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген», - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерін тыймай келеді.

«Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа жөнелткен «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беруі тиіс деп санаймыз. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар, «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты. Діни басқармаға жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан «Жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа апарған «Zam-Zam Qazaqstan» директоры мен басқа да жауапты өкілдерін құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара неге қолданылмайды?» деген сұрақтар мен шағымдар толассыз келіп түсіп жатыр. Құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз», - дейді діни басқармадан.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сенімді, ресми рұқсаты бар компанияларға жүгінуді сұрайды.

«Қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге береміз. Сонымен қатар, «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан «Zam-Zam Qazaqstan» (Zam Zam store) компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады», - делінген мәлімдемеде.


Соңғы жаңалықтар