«Қажымұқан» фильмі қашан көрерменге жол тартады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Қажымұқан» фильмі неге әлі көрсетілмей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы бұған дейін түсірілген фильмдерде орыс палуаны Иван Поддубныймен күрескен сәттері бұрмаланып, тарихи шындыққа қиянат жасалып келді. Соның орнын қашан толтырамыз?», -деген сұрақ қойылды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, биыл жарыққа шығуы жоспарланған жаңа фильмде балуанның өмірін сипаттайтын біршама оқиға қамтылған.

«2021 жылы Қажымұқан Мұңатпасұлының мерейтойы екенін осыдан екі жыл бұрын білгенбіз. «Қазақфильм» арқылы балуан туралы фильм түсіру жұмыстарын бастап, сценариін жазғызды. Кино екі жыл бойы түсірілді. Фильмнің түсірілімі аяқталды. Қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жылдың соңына дейін көрсетейік деп едік, кішкене үлгермей жатыр. Өзі туған Ақмола облысының жерінен бүкіл жер шарын аралап, үлкен жетістіктерге жеткенін көрсеттік. Сонымен қатар, өзіңіз айтқандай, өмірінің соңында Ұлты Отан соғысы кезінде өзінің қаржысының бәрін беріп, өзінің атындағы ұшақты жасағанға дейінгі тағдырының белестерін бәрін көрсеттік. Менің ойымша фильм жақсы шығуы керек», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің орынбасары Нұрқиса Дәуешовтің айтуынша, жаңа туында, түзеліп-күзеліп барып, келесі жылы көрерменге жол тартпақ.

«Кино бітті. Қанағат Мұстафин деген жас режисеріміз жасап шықты. Қазіргі таңда мұны арнайы заң бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығындағы сараптамалық комиссияға өткіздік. Олар қазір қабылдап жатыр. Кино деген шығармашылық дүние. Сондықтан да кейбір жетпейтін жерлерін монтаждау жұмыстары, басқа да мәселелері болады. Алдағы жылы оның сапалы болып шығуы үшін министрлік тарапынан да үлкен қадағалау жасаймыз», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар