Қажымұқанның мемориалдық кешенін салуға қаржы бөлінбей отыр - Әлімжан Құртаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қажымұқан Мұңайтпасұлының мемориалдық кешенін салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Әлімжан Құртаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылғы 8 қарашадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты депутаттық сауалымызға, қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығымен бекітілген 2019-2021 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тiзбесiне енгізілгенін хабарлап, қазақтың белгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу Үкіметтің ерекше бақылауында және тиісті деңгейде аталып өтетінін жеткіздіңіз. Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай қазақ даласы батырының атына мемориалдық кешен салынатын болып жоспарланған. Заманауи үлгіде бой көтеретін нысанның құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қараша айында басталып, 2021 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілген болатын. Алайды, қазіргі жағдайда бұлай деу мүмкін емес секілді, себебі құрылыс жұмыстарын бастауға тиісті қаражат қаралмаған», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Түркістан облысына жұмыс сапарында Қаржы министрлігіне Қажымұқан Мұңайтпасұлының мемориалдық кешенін салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуді жүктеген. Яғни, 2020 жылы басталып 2021 жылы аяқталуы көзделетін қаражат бөлу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырған.

«Бұл тапсырма аяқсыз қалды деуге болады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі бойында салынатын мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Онда кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелермен қамтылмақ. Сондай-ақ, спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға лайықты кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де ыңғайлы болмақ»,- деген Әлімжан Құртаев Премьер-Министрден мемориалдық кешенді салуға тиісті қаражатты 2021 жылдың бюджетінде қарауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар