Қазығұрттық шаруа жылына 1 миллионнан астам гүл өсіреді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысындағы жылыжайларда өсірілген раушан гүлдер сатылымға шыға бастады.

Қазығұрт ауданындағы «Пасека-Бал» шаруа қожалығының төрағасы Азизбек Қасымов жылыжай өндірісін дамытып отыр. 2010 жылы басталған бизнес бүгінде өркендеп келеді. Алғашқыда қияр мен қызанақ егіп келген шаруа, енді гүл өсіруді қолға алды.

Жалпы шаруа қожалыққа тиеселі 18 гектар егістік жердің 2 гектарына жылыжай орнатылған. Соның төртеуінде гүл өсіріліп жатыр.
«Жыл сайын 1 миллионнан астам гүл қырқамыз. Гүл бағында раушанның «Misty Bubbles», «Каталина», «Қара сиқыр» деп аталатын үш түрі өсуде. Негізгі тұтынушыларымыз Шымкент қаласының тұрғындары. Сондағы кәсіпкерлер өздері келіп алып кетеді, кей жағдайда өзіміз жеткізіп береміз. Қазір 8 – наурыз мерекесіне орай гүлдеріміз жақсы сатылып жатыр», - дейді шаруа.

Азизбек Қасымовтың сөзінше, бір ғана жылыжайдың өзінен жылына 400 мыңға дейін гүл қырқылады. Өнімді Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Гүлдердің орташа бағасы - 150-170 теңге. Бүгінде жылыжайда тұрақты 15 адам жұмыс істейді. Олар гүлдерді күтіп-баптап, толық өсіп шыққанша бақылап жүреді.
«Гүл өсірудің өзіндік тәсілдері, қиындықтары бар. Балалар бұл гүлдердің тұқымдарын Ташкенттен алып келді. Содан тәуекелге бел буып, өсіріп жатырмыз», - дейді ол.

Айта кетейік, Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жалпы өңірдегі жылыжайлардың жалпы көлемі - 1 640 гектар. Өткен жылы жылыжайлардан 140 мың тонна өнім жиналып, республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілген.