Қазығұрттық жастар 1768 метрлік шыңға шығып, Мемлекеттік Ту тікті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазығұрт ауданында жастардың қатысуымен ерекше патриоттық акция өтті.

Қазығұрттық жастар 1768 метрлік шыңға шығып, Мемлекеттік Ту тікті
Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Жастар қасиетті Қазығұрт тауының шыңына шығып, еліміздің Мемлекеттік Туын тікті. Бұл тау теңіз деңгейінен 1768 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 22, ені – 10 шақырымды құрайды.

Шыңға көтерілген соң, қатысушылар Мемлекеттік рәміздер туралы баяндама тыңдады. Ел тарихы мен тәуелсіздік жолындағы жетістіктерді еске алды. Әнұранды бірге орындап, естелік фотосессия жасады.

Іс-шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Басты мақсат – жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың бойындағы рухани-азаматтық сананы қалыптастыруда, елге деген адалдық пен белсенділікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысындағы Келес ауданының тұрғыны Еуропадағы беделді оқу орындарынан шақырту алғанын жазған болатынбыз.