Kazinform қызметкері жайлы кітап шықты

Kazinform қызметкері жайлы кітап шықты
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Kazinform» ХАА шығарушы редакторы, белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты Бегабат Ұзақовтың 50 жылдығына орай кітап шықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Алматыдағы «Media Invest Group» баспасынан көрнекті жазушы Бегабат Ұзақовтың шығармашылығына арналған «Биікке беттеген Бегабат» атты кітап жарық көрді. Кітапты құрастырған – белгілі ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Өмірзақ, алғысөзін «Дарын» мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Президенті сыйлығының иегері Ғабит Мүсіреп жазған.

Кітапқа қаламгердің шығармашылық лаборториясы туралы мол мәлімет беретін мақала-эсселер енген. Сондай-ақ оған арналған өлеңдер мен жазушы жайында белгілі қазақ қаламгерлері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Молдахмет Қаназдың, Сайлаубай Жұбатырұлының, Қуаныш Жиенбайдың, Әлия Бөпежанованың, А.Байтұрсынов атындағы сыйлықтың лауреаты жазушы Серік Байхоновтың, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Құдияр Біләлдің, Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Жұманазар Базарбаевтың, Өзбекстандағы Тұран ғылым академиясының академигі Қалдыбек Сейдановтың, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы Айгүл Ісімақованың, белгілі журналистер Қараша Қараманың, Болат Шарахымбайдың, Асылжан Дулати пікірлері берілген. Сондай-ақ жазушы Бегабат Ұзақовтың әдебиет туралы айтқан пікірлері мен сұхбаттары қамтылған.

кітап
Фото: Ләззат Сейданова/Kazinform

Кітаптың мақалалар бөліміндегі Өзбекстан және Қарақалпақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандитаты Қайыржан Аралбаевтың «Қысқа жанрдың хас шебері», Өнертану магистрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Күнқожа Қайрулланың «Көкірегіне қонған сөздің киесі», Бердақ атындағы Ⱪарақалпақ мемлекеттік университеті, филология кафедрасының оқытушысы, PhD докторы Шырын Смамутованың «Танымы терең, ойы асқақ», филология ғылымдарының кандидаты, профессор Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Меңдібай Әбілұлының «Жан жылуы жүректерді тербеген», белгілі журналист Азамат Есенжолдың «Үнсіздік» деп аталатын мақалаларында Бегабат Ұзақов туындыларындағы түрлі бағытта жазылған прозалық туындылардың айтар ойы мен идеясының өткірлігі, қаламгер шеберлігінің қырлары туралы жан-жақты жазылған. Ал С.Демирел атындағы университеттің магистранты Нұрбану Камалдың Б.Ұзақовтың «Балуан қыз» әңгімесіндегі «Бәтима» образы және шығармадағы ұлттық құндылықтар» деген зерттеу мақаласында жазушының ұлттық характер сомдауда архетип образды қалай жасағаны талданса, Шырын Азатбайқызының «Қара сөздің батыры – Бегабат», А.Жұмағалиевтің «Ақиқат деп соғар тек адал жүрек» эсселерінде қаламгердің өмірде көрген қиыншылықтары мен соны жеңу жолындағы күресі, азаматтық ұстанымы қызықты баяндалған. Сонымен бірге кітаптың соңғы жағында берілген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, белгілі ақындар Ахмет Өмірзақтың, Қалбай Әбдірамановтың, Ақшагүл Рамазанованың, Мақсат Әлсейітовтің, Жәлел Қуандықұлының, Ерғазы Әреповтің арнау өлеңдері жазушының талантына деген зор құрметті, шынайы сезімді келісті өрнектесе, жазушы ғұмырының түрлі кезеңдерінен сыр шертетін фотосуреттер де кітаптың әрін ашып, шырайын келтіріп, мазмұнын толықтырып тұр.

Бегабат Ұзақов шығармашылығы Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мектептердің 7-сыныбына арналған «Қазақ тілі және әдебиеті», Өзбекстанда ЖОО-ларға арналған оқулықтарда оқытылып жатқандықтан, бұл туынды оқушылар мен студенттерге жазушы жайлы кеңірек мағлұмат беру үшін шығарылып отыр. Сондай-ақ бұл кітап әдебиетті терең білуге қызығатын және жазушының шығармашылық лабораториясы туралы тереңірек білгісі келетін әдебиетшілер мен оқырмандарға да арналған, жоғары сапада әсем безендірілген кітап «Media Invest Group» баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрген.

Еске сала кетейік, 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушымен сұхбатты жариялаған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum