Kazinform көтерген мәселе: Павлодар кинотеатрына Шәкен Айманов атауы қайта оралды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда ескі кинотеатрлардың біріндегі Шәкен Аймановтың есімі тұғырына қайта қонды. Халық жақсы көретін атаудың қайта жарқырағанына жергілікті жұрт риза.
Бұл туралы өңірлік Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан хабарлады.
- Павлодар өңірінің жұртшылығы мен облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұсынысымен көрнекті актер, режиссер, ұлттық кинематографияның негізін қалаушылардың бірі - Шәкен Аймановтың есімі кинотеатрға қайта оралды. Ғимараттың меншік иесіне ұсынысымызды қабыл алғаны үшін зор алғысымызды білдіреміз! – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Биылғы тамыз айында Павлодарда Шәкен Аймановтың есімін иеленіп келген кинотеатрдың атауы бір-ақ күнде өзгеріп шыға келгенін жазғанбыз.
Жаңа компания Айманов атауын алып тастап, өз брендтерін орнатып қойған. Ұзақ жылдар бойы кинорежиссердің есімін иеленіп келген ғимарат атауының өзгеруі жергілікті қоғамға ұнамады. Рухани құндылықтан бұрын коммерциялық мүддені алға қойған бұл шешім ұлттық өнерге жасалған құрметсіздік ретінде қабылданды. Өңір жұртшылығы мәдени нысанға Шәкен Аймановтың есімін қайтаруды талап еткен еді.
Кейін ғимарат иесі Шәкен Айманов жазуы конструкциясы әбден ескіргені себепті алынып тасталғанын айтып ақталған. Жаңартылған нұсқадағы жаңа атау күзде қойылады деп уәде еткен болатын.