KAZINFORM редакторы халықаралық әдеби байқауда бірінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Бақытжол Кәкешұлы VIII Халықаралық Махмұд Қашқари атындағы әңгімелер байқауында Қазақстан атынан қатысып, «Естілмейтін күй» атты шығармасымен аймақтық бірінші орынға ие болды.
Түркияның әдебиетке арналған Edebiyat360 сайты мен Еуразия Жазушылар одағы жариялаған мәліметке сәйкес, байқау қорытындысы 2026 жылғы 24 қазанда жарияланған. Биылғы байқауға түркі тілдері мен олардың диалектілерінде жазылған барлығы 440 әңгіме ұсынылған. Шығармалар 12 ел мен аймақ бойынша құрылған алдын ала қазылар алқасының қарауына түсіп, алдымен байқау талаптарына сәйкестігі тексерілген.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға Әзербайжаннан 11, Гагаузиядан 1, Солтүстік Македониядан 2, Қазақстаннан 88, Қырғызстаннан 40, Өзбекстаннан 10, Қарашайдан 2, Балқардан 6, Саха елінен (Якутия) 1, Татарстаннан 16, Түркиядан 48, Түрікменстаннан 16 және Германиядағы ұйғыр қауымынан 1 шығарма түскен. Қатысушылардың ең көбі Қазақстаннан ұсынылған.
Байқаудың аймақтық іріктеу кезеңінде әр ел мен аймақтан үздік деп танылған шығармалар анықталды. Қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен және Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Уфук Тузманның жетекшілігімен өткен отырыста жүлделі орындарға ұсынылған бүркеншік аттар жазылған конверттер ашылып, авторлардың шын есімдері мен өмірбаяндық деректері жария етілді.
Осылайша, Қазақстан атынан қатысқан Бақытжол Кәкешұлы «Жалғыз саяхатшы» бүркеншік атымен ұсынылған «Естілмейтін күй» әңгімесі арқылы аймақтық бірінші орын иегері атанды.
12 ел мен аймақтың қаламгерлері аймақтық жеңімпаз атанды
Байқаудың аймақтық бірінші орын иегерлері мен олардың шығармалары төмендегідей:
1. Әзербайжан – Джошгун Халилоғлы «Соңғы жұмыс күні» («Sonuncu İş Günü») әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Зафар.
2. Солтүстік Македония – Гүлай Алче «Искендер бей» («İskender Bey») әңгімесімен бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Румелия.
3. Қарашай – Айбазланы Солтан «Абай аққа» («Abay akka») әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Солтан.
4. Балқар – Мусуколани Сакинат «Художник» («Hudojnik») әңгімесімен аймақтық бірінші орынға ие болды. Бүркеншік аты – Тамада егеч.
5. Қазақстан – Бақытжол Кәкешұлы «Естілмейтін күй» әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Жалғыз саяхатшы.
6. Қырғызстан – Зинакан Пасанова «Көшөгөсіз колукту» («Köşögösüz koluktu») әңгімесімен бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Тым қыз.
7. Өзбекстан – Махмадалиев Эркинжон «Кондон бичилган кафан» («Kondan Biçilgan Kafan») әңгімесімен аймақтық жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Еркин Норсафар.
8. Саха елі (Якутия) – Аграфена Кузьмина «Бір қадам, бір тыныс» («Bir adım, bir nefes») әңгімесімен бірінші орынға ие болды. Бүркеншік аты – Аяана.
9. Татарстан – Лилия Гибадуллина «Әлия» («Aliya») әңгімесімен аймақтық бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Yazım Yazuvçu.
10. Түркия – Режеп Субашы «Кір етік, таза шұлық» («Pis Çizmeler, Temiz Çoraplar») әңгімесімен жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Таңқаларлық.
11. Түрікменстан – Режебов Акмырат «Ат-Мұрад» («At-Murad») әңгімесімен бірінші орын алды. Бүркеншік аты – Сахрайы.
12. Ұйғыр (Германия) – Хабибулла Әблимит «Күршад» («Kürşad») әңгімесімен аймақтық жеңімпаз атанды. Бүркеншік аты – Айбибулла.
Махмұд Қашқари атындағы халықаралық әңгімелер байқауы түркі халықтарының әдеби байланысын нығайтып, ортақ мәдени мұраны көркем шығарма арқылы танытуға бағытталған. Оның ерекшелігі – Түркия түрікшесімен қатар қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан, татар, түрікмен және өзге де түркі тілдерінде жазылған туындылардың бір алаңда бағалануы.
Байқаудың аймақтық кезеңінде жеңімпаз атанған қаламгерлердің шығармалары халықаралық кезеңде қаралып, үздік туындылар анықталады. Халықаралық бас жүлделердің түпкілікті қорытындысы мен марапаттау рәсімі 2026 жылғы 8 желтоқсанға жоспарланған.
Қазақстандық қаламгердің бұл жетістігі отандық әдебиеттің түркі әлеміндегі шығармашылық байланыстар аясында танылуына мүмкіндік береді.
Осыған дейін қазақ әдебиетін әлемнің 125 елінде оқитыны туралы жаздық.