Kazinform редакторының Қарақалпақстан қазақтары жайлы кітабы жарық көрді

АСТАНА. KAZINFORM - Алматыдағы «Atameken» баспасынан «Бесқала кітапханасы» сериясымен Қарақалпақстан қазақтарынан шыққан белгілі адамдар туралы «Тұлғалар мен тағылым» атты кітап шықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Kazinform редакторының Қарақалпақстан қазақтары жайлы кітабы
Фото: Kazinform

Алматыдағы «Atameken» баспасынан Қарақалпақстаннан шыққан белгілі әдебиет, мәдениет және спорттағы танымал тұлғалар туралы «Тұлғалар мен тағылым» атты кітап жарық көрді.

«Бесқала кітапханасы» сериясымен шығып отырған бұл кітап – Қарақалпақстан қазақтары туралы мол мәлімет беретін алғашқы кітап саналады. Кітап авторлары – ақын әдебиеттанушы, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Өмірзақ пен белгілі жазушы, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Kazinform агенттігінің редакторы Бегабат Ұзақов. Кітаптың алғысөзін жазған белгілі журналист – Ғабит Мүсіреп.

Көлемі 14 баспа табақтан артық еңбекке енген 27 мақала, 9 сұхбатта авторлар Бесқала (қарақалпақ елінің бейресми атауы – автор ) елінде болған тарихи оқиғаларды өз мақалаларына өзек етіп, 1929 жылы Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске шыққан Тақтакөпір қазақтары жайында («Алып империяға алғашқы қарсылық»), Хорезм, қарақалпақ аймағында құрылған тәуелсіз республикадағы қандастарымыздың рөлі туралы («Хорезм республикасындағы қазақтар һәм жойылған республика») дерегі мол материалдары жарияланған. 

Сонымен бірге Бесқаладан шыққан Мақаш Балмағамбетов, Плис Нұрпейісов, Іният Наурызбаев, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықараев секілді Кеңес одағының батырлары, «Даңқ» орденінің толық кавалері Әлімбай Аманбаев («Бесқаланың бес батыры», «Алтыншы батыр Аманбаев»), ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Рокоссовский дивизиясында соғысып, кейін бейбіт күнде Қарақалпақстанның Дін істері министрі болған Жұмамұрат Ерекешов, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы, сол оқиға байланысты Қ.Рысқұлбеков, Ж.Тайжұмаев, Қ.Күзембаевтармен бірге ұзақ мерзімге сотталған Түгелбай Тәшенов («Ату жазасынан аман қалған Түгелбай Тәшенов») жайлы мақала-сұхбаттар қиын шақтарда ұлттық намысына сызат түсірмеген ерлердің бейнесін танытады.

Қарақалпақ елінде мемлекеттік лауазымдарда қызмет етіп, кейін атажұртына қоныс аударған, әдебиетімізде орны бар қаламгерлер: ғалым, жазушы Әзиза Нұрмаханова («Қиырдан жеткен қарлығаш»), жазушы, драматург, аудармашы, киносценарист, атақты «Ана туралы аңыз» киносының сценарийін жазып күллі КСРО-ға танылған Жұмабай Тәшенов («Қос халықтың арысы») жайлы мақалалар Қарақалпақстанда туған қандастарымыздың дарындарын паш етсе, кітаптағы «Жейхунның жойқын жыр-толқындары» атты шолу мақалада сол елден шыққан қазақ ақындары туралы мол мәлімет берілген. 

Одан әрі айтсақ, аталған кітапта еңбектері жайында арнайы мақалалар арналған ғалымдар – тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Кенесары Қасымов көтерілісі туралы ғылыми диссертация қорғағаны үшін қудаланып, ғылыми еңбегі 66 жылдан соң барып жарық көрген Елтоқ Ділмұхамедов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының құрметті академигі Уахит Шалекенов, белгілі физик ғалым, әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рәтбай Мырзақұлов отандық ғылымға олжа салған қайраткерлер.

Ал атақты спортшылар – ұлттық күрестен Орта Азия мен Қазақстанның тұңғыш абсолют чемпионы Әбиболла Садықов, қарақалпақ елінде самбо күресінің негізін салушы, Кеңес одағы көлемінде талай байрақты бәсекеде топ жарған палуан Шорабек Мұстафаев, у-шу сандадан Европа чемпионы Камал Манабеков, бокстан олимпияданың екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионы Әділбек Ниязымбетов, бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Шымбаев – қазақ спортының туын биікте ұстағандар екені кітап материалдарында жан-жақты ашылған.
Қарақалпақ жерінде қазақ музыкасының әлеуетін танытқандар: қазақтың жыраулық өнерін дамытуға көп еңбек сіңірген Қарасай жырау Әбдімұратұлы, Өсербай жырау Сәрсенбайұлы, Қарақалпақстан және Өзбекстан халық әртісі актер Зейнел Пиязов және оның немересі, Өзбекстанның Халық әртісі, әлемнің үлкен театрларында ән салған талантты опера әншісі Жеңісбек Пиязов, Бесқала қазақтарының музыкалық өнерін зерттеп, сол жақтағы қазақтардың жыраулық, әншілік, күйшілік өнері туралы бірнеше кітап шығарған жас ғалым Күнқожа Қайрулла секілді өнерпаздардың еліміздің түрлі саласында жетістікке жеткендігі де мақала-сұхбаттарда көрсетілген.

Сонымен бірге, түрлі салада танылған тұлғалар: Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумында жауапты қызметтер атқарған, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заңына» ілеспе аударма жасаған лингвист Есенқұл Сафуани, Қазақстанды басқарған Д.А.Қонаев пен Н.Назарбаевтың жеке күзетшісі болған, Қазақстан ҰҚК «Арыстан», Қазақстан ІІМ-не қарасты «Сұңқар» арнаулы жасақтарын құруға қатысқан және соларды басқарушылардың бірі болған Аманғали Баталов, режиссер, халықаралық «Мир через культуры» сыйлығының лауреаты Эльза Ділмұхаммедова, суретші, Қарақалпақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Өзбекстан Республикасы Көркемөнер академиясы Суретшілер бірлестігінің мүшесі, өзіндік стилі бар суретші ретінде елінен тыс жерлерге танылған Сахи Жанахметов, т.б. туралы материалдар да кітаптың құндылығын аша түседі. 

А.Өмірзақ пен Б.Ұзақовтың «Тұлғалар мен тағылым» кітабы «Бесқала кітапханасы сериясымен жарық көрген, сол елден шыққан тұлғалы қазақтарды таныту үшін шығып отырған алғашқы кітап. Бұл сериямен шығатын ендігі кітаптар Қарақалпақстанда дүниеге келген ақын-жазушылар мен драматургтардың, сыншылардың еңбектерімен жалғаспақ. Сөйтіп, «Бесқала кітапханасы» сериясы елімізде шыққан «Сырдария кітапханасы», «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы», «Маңғыстау ақын-жазушылары кітапханасы», «Алтай-Ертіс кітапханасы», «Түркістан кітапханасы», т.б. сериялық көптомдықтар қатарына қосылып, қазақ руханиятын байыта түспек.

Соңғы жаңалықтар