Kazinform тілшісі тау шаңғы спортынан жүлделі орын алды

тау шаңғы
Фото: Еламан Тұрысбековтың жеке мұрағаты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Oi-Qaragai курортында БАҚ өкілдері арасында тау шаңғысынан екінші мәрте ашық «Қазақстан – 2024» кубогі өтті.

Жарысты ұйымдастырушы Халықаралық журналистер-шаңғышылар клубының (SCIJ Kazakhstan) мәліметінше, 20-дан астам БАҚ өкілі қатысқан жарыс БОННЕ тәртібі бойынша «Қарақал - 7» тау шаңғы трассасында өткен. 

тау
Фото: Еламан Тұрысбековтың жеке мұрағаты

«Өкінішке қарай, шаңғымен құлаған ұл-қыздар кездесті. Алайда бақытымызға орай ешкім жарақат алған жоқ. Биыл бірнеше жас санаты болған соң, қатысушылардың көпшілігі тау шаңғы жарысында алғаш рет жеңіс тұғырынан көрінді», - деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.

Жарыстың қорытындысы бойынша әріптесіміз, Алматы қаласындағы меншікті тілші Еламан Тұрысбеков 18-35 жастағы ерлер арасында жүлделі үшінші орынға ие болды. 

тау
Фото: Еламан Тұрысбековтың жеке мұрағаты

«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар саны көп болды және бәсекелестік те сезілді. Шыны керек, өзімді жеңімпаздар қатарынан көремін деп ойламадым. Себебі арнайы дайындық болмады және қарсыластарымның да деңгейі әлдеқайда жоғары болды. Мен өзім шаңғы тебуді 1 жыл бұрын бастадым, былтыр осы жарысқа қатысып жүлдесіз қалған болатынмын. Енді биыл бағымды тағы бір рет сынап көрейін деп шештім. Нәтижесінде 18 жастан 35 жасқа дейінгі ерлер арасында үшінші орынға іліндім. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да осындай жарыстарға қатысып тұруға тырысамын», - дейді Еламан.

Әріптесіміз Еламан Нұртасұлын жүлделі болуымен құттықтай отырып, еңбегі еселеніп, биік белестерді бағындыра беруге тілектеспіз.

Соңғы жаңалықтар
telegram