Қазір әлемде классикалық туындыларды заман талабына сай қайта қарау үдерісі жүріп жатыр - Мұхтар Құл-Мұхаммед
АЛМАТЫ. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әдептен озбайтын, жүректен қозғайтын, жастардың да, аға буынның да көңілін табатын және репертуардан ұзақ уақыт орын алатын тамаша шығарма дүниеге келіпті.
Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сенбі күні Алматыдағы Қазақтың Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Шыңғыс Айтматовтың "Қызыл орамалды Шынарым" қойылымының премьерасынан кейін осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазір әлемдегі классикалық туындыларды заман талабына сай қайта қарау үдерісі жүріп жатыр. Біз одан өзіміздің заманымызды, адамдардың қақтығысын, образдар жүйесін іздейміз. Әр режиссер кез келген шығарманы өзінше қарап, өзінше қоюға қақысы бар. Бірақ ол көп жағдайда дәл бүгінгідей автордың ойымен де, көрерменнің ойымен де үйлесіп жата бермейді. Бүгін сондай үйлесімділік бар деп есептеймін. Қырғызстандағы оқиға саябырсып, орнына келгеннен кейін қыркүйек-қазан айларында Бішкекке барып жарқыратып қойып қайтсаңыздар, қырғыз ағайындар дән риза болады деп ойлаймын. Қаражатын да өзім тауып, министрмен де келісемін", дейді Мұхтар Абрарұлы. Мәдениет министрінің айтуынша, қазір ол барлық театрларға барып жұмыстарымен жан-жақты танысып жүр. Былтыр Абай мен Байсейітова атындағы опера театрларына 150 миллионнан, Әуезов пен Лермонтов атындағы драма театрларына 100 миллионнан, ал Мүсірепов пен Сац атындағы жастар театрларына 50 миллион теңгеден қосымша қаржы бөлінген еді. Соның арқасында қазір оларда жаңа қойылымдар жүзеге асып жатыр.