Қазір қазақстандық блог саласы дамудың бастапқы сатысында тұр - Ерлан Қарин
АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ең белсенді блогерлер - журналистер. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин бүгін Алматыда өтіп жатқан қазақ блогерлерінің тұңғыш құрылтайында қазақ блогосферасына сипаттама берген кезде айтты.
«Біріншіден, қазір қазақстандық блог саласы дамудың бастапқы кезеңінде тұр. Біз 104 блогқа сараптама жасаған болатынбыз. Олардың үштен бірі соңғы 2-3 айда ашылған. Екіншіден, блогтарда жеке сипаттағы мәселелер, сонымен бірге жалпы ақпараттық жобадағы басылымдар, оның ішінде елдерге жасаған саяхаты туралы, күнделікті өмірде қажетті пайдалы кеңестер басым. Осы сипаттағы блогтар ең белсенді болып табылады және жиі жаңартылып, адамдар көп қарап, көп түсініктер береді. Үшіншіден, блог авторлары көтеретін қоғамдық-саяси мәселелері оқырмандардан әдетте онша қолдау таппайды. Кейде тіпті оқырмандардың пікірлері де болмайды. Осыдан қазақ тіліндегі блогтардың қоғамдық-саяси пікір алмасу алаңы болмағандығын түйіндеуге болады», - дейді Ерлан Тынымбайұлы.
Оның айтуынша, қазақ блогы саласы қазақ журналистикасы секілді руханият, мәдениет мәселелеріне бағдарланған. 10 жыл бұрын қазақ журналистикасы, қазақ баспасөзі туралы дөңгелек үстел мәжілісіне қатысушылар басты айырмашылық үнемі дүниетанымдық мәселелерді көтеруге ұмытылады деп пікір түйіндеген болатын. Сол үрдіс қазақ блогында да бар. Бұл - қазақ журналистерінің ықпалы.