Қазір кубалықтардың өзі Қазақстанның бокс мектебіне қызыға қарайтын болды - Мұрат Бошайұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алыс-жақын шетелдерде ұлты үшін маңдай терін төгіп, бір кісідей еңбек етіп жүрген қандастарымыз баршылық. Соның бірі - Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне есімі мәлім, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламұлының алғашқы бапкері ҚХР Алтай аймақтық бокс құрамасының бас бапкері Мұрат Бошайұлы. Ол Қанат Ислам ата-жұртына қоныс аударып кеткеннен кейін де көптеген қазақ жастарын бокс өнеріне баулып келеді. Айтулы бапкер жақында елордамыз Астанаға туысшылап келіп жүргенін естіп, арнайы іздеп барып, қазіргі Қытайдағы қазақ боксы туралы ой бөлісіп қайтқан едік.
None
None

- Ассалаумағалейкүм! Атамекенге қош келдіңіз! Елге жиі келіп тұрасыз ба?

- Уағалейкүмассалам! Әрине, кейде бір жылда бір емес, бірнеше рет келіп кетемін.

Кейде бір жола көшіп келуді де ойлаймын. Алайда, қазір ол жақтағы қазақтардың төрттен бірі ғана ата жұртына көшіп келді. Ал, келмегенін есептей беріңіз. Сол бауырластарыңыздың ұрпақтарынан Мұрат ағамның мектебіне барып, бокс үйренем деп жүрген қаншама жас жеткіншектер жүр. Олардың көздерін жәудіретіп, қалай кетіп қаласың? Бұл - бір. Екінші, қазір Қытай үкіметі Алтай бетінің боксын маған сеніп тапсырып отыр. Ал Алтай өңірі - Қытайдағы қазақтардың ең жиі қоныстанған өңір. Ұлт үшін қызмет етем деген адамға бұл таптырмас орай. Қай жерде жүрсем де ұлтым үшін еңбек етсем, маған содан артық бақыт жоқ. Бұл жерге келсем де осы бокстың маңынан, соның ішінде бапкерліктен алыстамайтыным белгілі. Сондықтан, Қытайда жүріп-ақ, қазақ жастарына бар білгенімді үйретіп, сау денелі, саламатты өмір сүруге аз болса да көмегімді тигізсем сол да жеткілікті. Үшінші себеп, қазір болашағынан зор үміт күттіретін көптеген қазақ жастарын тәрбиелеп жатырмын. Жол ортадан олардың арман-мақсат, талаптарын үзіп, кетіп қалып жатсам, азаматтығыма сын болмай ма? Міне, айта берсек осындай себептер көп. Тағы да айтайын, Қытайда жүрсем де, ұлт үшін еңбектеніп жатырмын. Жалпы, қазақ ұлты үшін қызмет етуде тек Қазақстанда ғана жұмыс жасамау керек.

- Соңғы кездері Қанат Ислам Қазақстанға кеткеннен кейін арғы бетте қазақ боксы құлдырап кетті деген сөз бар. Бұл қаншалықты рас?

- Ол жеке біреудің алып қашпа әңгімесі болуы мүмкін. Қанат елге 2010 жылы қоныс аударды. Міне, содан бері төрт-ақ жыл болды. Бұл біреулер үшін көп, біреулер үшін аз ғана уақыт. Ал мен үшін бұл төрт жыл іріктеу кезеңі. Сондықтан, ештемеден кешігіп, ештемеден құр қалып жатқан жоқпыз. Қанат Ислам салып кеткен сара жолда көшімізді алға жетелеп келе жатырмыз. Қазір де талантты жастар жеткілікті. Әр нәрсенің өз уақыты болады, Қанат өзін өз дәуірінде танытты. Ол менің алғашқы толқындағы жағаны ұрып, жарық жұлдызға айналған бірінші түлегім. Енді, екінші толқын, яғни екінші буынмен жұмыс жасап жатырмын. Нақтырақ айтсам, қазір 1996-2000 жылдар аралығында дүниеге келген балаларды тәрбиелеп жатырмын. Бір Олимпиада чемпионын бір жылда, болмаса екі жылда тәрбиелеп шығару мүмкін емес. Кейбір бапкерлер шәкіртін Олимп шыңына шығару үшін бүкіл өмірін сарп етеді. Сөйтіп жүргенде чемпион шығара алмай кететіндері қаншама?! Сол үшін Қанаттан кейін Қытайдағы қазақтардан төрт жыл ішінде ешкім жарқ етіп шыға қоймады, Қытайдағы қазақ боксы тоқырап қалды деп айтуға еш негіз жоқ.

- Сөзіңіз дәлелді болуы үшін болашағынан үміт күттіретін жастардан бірнешеуін айта кетсеңіз?

- Тура бұрынғы Қанаттың салмағында, яғни 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1996 жылы туған Тоқтар Таңатұлы деген өте талантты баламыз бар. Мен оны 9 жасынан бері тәрбиелеп келемін. Тоқтар қазір Шынжаң өлкесінің үш дүркін чемпионы, ҚХР-дың жастар арасындағы біріншілігінде бір рет бас жүлдені, екі рет екінші орынды жеңіп алды. Тоқтарды былтыр осы Қазақстанда өткен бір жолдастық кездесуге жіберген едік. Өз салмағында екінші орынды алып қайтты. Сонда белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов маған қоңырау шалып: мына шәкіртіңнің бойынан үлкен талантты байқадым. Мүмкін болса елге ертерек келуіне жағдай жасасаңшы, - деп еді.

- Ол туралы өзіңіз қандай шешім қабылдадыңыз?

- Бір нәрсені анық айтқан жөн. Болатын бала қай жерде жүрсе де, өз дегеніне жетеді. Сондықтан, ондай талантты баланы «сен Қазақстанға барсаң ғана жолың болады, немесе Қытайда жүрсең бағың ашылмайды» деу дұрыс емес. Қай елде, қай жерде жүрсе де қазақтың баласы қазақтың даңқын көтеріп жатса бізге одан асқан абырой жоқ. Мен Тоқтарға Тұрсынғали ағаның сәлемін жеткіздім. Шабыттанып, қуанып қалды. Алайда, шешім қабылдау баланың өз еркінде.

- Тоқтардан басқа тағы кімдер бар?

- Ұлпар Қарқынұлы деген азамат бар. Бұл да 1996 жылдың тумасы. Ол қазір Бейжің өлкелік кәсіптік бокс мектебінің мүшесі. Жасөспірімдер арасында 70 келіде өнер көрсетіп жүр. Ұлпар қазір осы салмақта Қытай бойынша №1 боксшы болып тұр. Міне, осы екі бала қазіргі Қытай қазақтарының ішіндегі ең мықты балалар. Алдағы уақытта Азия, әлем біріншіліктерінде, тіпті, Олимпиада Ойындарында топ жарады деген үмітіміз зор. Бұлардан бөлек 1999 жылы туған Ақерке Қанатұлы деген жас спортшымыз бар. Ақерке де Шыңжаңның екі дүркін чемпионы атанды. Бұл баланы осы жазда өтетін Қытайдың республикалық жастар мен жасөспірімдер біріншілігіне дайындап жатырмыз. Қытайдың біріншілігінде топ жару деген бүгінде Олимпиадада топ жарғанмен бірдей болып тұр! Дәл қазіргі қарқынынан танбаса бұл бауырымыз да болашақта үлкен белестерді бағындырады деген сенімдеміз.

- Қанат Ислам кетіп қалған соң Қытай өкіметінің қазақ спортшыларына деген көзқарасы өзгеріп кеткен жоқ па?

-Қанат алғаш кетіп қалған кезде аздап әңгімелер болғаны шындық. Бірақ, уақыт өте келе ұмытылды. Бұрындары Қытай халықаралық жарыстарға, шетелдерге тек өз спортшыларын жіберетін. Мұны ұлтына қарап бөлді деуге болмайды. Ол кездерде аз ұлттар спортқа бүгінгідей ден қойып, бел шеше кірісе қоймаған. Ол кездерде қазақ азаматтарының күші көтерген тастарымен бағаланып келді. Спортпен кәсіби түрде айналысқан жоқ. Небір мықты азаматтарымыз бүгінгі мүмкіндіктерді пайдалана алмай кетті ғой. Қытайдағы қазақтардың спортқа деген қызығушылығы соңғы 10 жылдан бері арта түсті. Қазір Қытай өкіметі бізді ұлтқа бөліп жатқан жоқ. Мықтысың ба, өзіңді дәлелдедің бе, ешкім шетке қағып, кеудеңнен итермейді. Керісінше, қуана қарсы алады. Жағдайыңды жасайды. Тек олардың үмітін ақтай біл!

- Өткен жылы күзде Алматыда бокстан әлем біріншілігі өтті. Сол біріншілікті өзіңіз де келіп тамашаладыңыз. Қытай боксшылары 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында 1 алтын, 1 қола медаль еншілеген болатын. Ал, Алматыда 10 боксшысының тоғызы алғашқы іріктеу сынында, бір боксшысы екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Бұл нені білдіреді?

-Бұл жерден ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Алматыдағы әлем чемпионатына Қытай кілең өрімдей жас боксшыларын алып келді. Олардың барлығы 18-21 жас аралығындағы жастар. Қытайдың өздерінің төрт жылда бір өткізетін спартакиада ойындары бар. Міне, осы жарысты қытайлар Олимпиада ойындарынан да жоғары бағалайды. Әлем біріншілігінің алдында сол спартакиада ойындарын өткізген болатын. Әлем чемпионаты қарсаңында Қытайдың негізгі құрамасы сол аламаннан кейін уақытша демалысқа кеткен. Сондықтан, Қытай Алматыға спартакиадада 4-5-6-орындарға ие болған боксшыларын тәжірибе жинақтасын деген мақсатпен ғана алып келген болатын. Олардың барлығының да алғашқы іріктеуден әрі аса алмауының себебі сол.

- Қытай спорты соңғы жылдары қатты дамып кетті. Құпиясы неде?

- Қытай қол созым жерді емес, көз ұшындағы жерді көздейді. Соның арқасында тек спорты ғана емес, барлық саласы адам танымастай өзгеріп дамып кетті. Бірақ, спорт түрлерінің ішінде боксқа кішкене бас ауыртып отырған жайы бар.

- Ол қандай бас ауру?

- Олардың бас қатырып отырғаны 2016 жылы Бразилияда өтетін жазғы Олимпиада ойындары. Қытайдың ұлттық құрамасындағы мықты боксшыларының қазір жастары келіп қалды. Осының алдындағы спартакиадада топ жарған боксшылары тым жас. Олар сол үшін қазірден бастап жұмыс істеп жатыр. Үш дүркін әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жеңіл салмақтағы саңлағы Зоу Шимин кәсіпқой боксқа кетіп қалғанын жақсы білесіздер. Енді сол Зоу сияқты таланттарды жасақтап, жаңа команда құрмақшы.

- Өзіңіз жаттықтырып жатқан балалардың ішінде басқа ұлт өкілдері бар ма?

- Бапкер шәкірттерін ешқашан ұлтқа бөлмеуі керек. Шыңжаң өлкесі Қытайдың көп ұлт қоныстанған аймағы. Қабаның өзінде бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Менің тәрбиелеп жатқан командамның 90 пайызы қазақ балалары. 10 пайызы ғана басқа ұлт өкілдерінен. Оның ішінде ұйғырлардың үлесі көптеу. Дүңгендер де бар. Ал, қытайлардан бір-екі бала тер төгіп жүр. Қытайлар боксқа қатты қызыға бермейді. Қызығушылықпен келіп, шыдамай кетіп қалатындары да аз емес. Қай ұлт өкілі болсын, ол ұстаздық өнеріңді құрметтеп, сыйлап жатса, бірдеңе үйренгісі келсе, қалай кеудесінен итересің?! Спортқа өз еркімен келген спортшыдан бірдеңе шығады. Қазақта «жетектегі тазы түлкі алмайды» деген сөз бар.

- Осы еңбегіңізді Қытай өкіметі қалай бағалап жатыр?

- Менің атқарып жатқан іс-шаруаларыма Қытай өкіметі қатты қолдау көрсетіп келеді. Алғашында өзім бастаған шағын орталығымды мемлекет қамқорлығына алып, бұл кәсібімді әрі қарай дамытуыма үлкен мүмкіндіктер жасады. Аз ұлттар қоныстанған Алтай аймағының боксын дамытуды маған сеніп тапсырды. Жыл сайын барлық жағдайларды жасап, қаржылық, материалдық жағынан ештеңесін аяп жатқан жоқ.

- Өзіңіз қазақ еліне жиі келіп тұрады екенсіз. Біздегі бокс мектебіне деген көзқарасыңызды білсек...

- Біз баласы атқа мініп, бәйгеге шапса, үйде тақымын қысып отыратын қазақпыз ғой. Алыста жүрсек те, қазақ елі боксшыларының аламанда аты озып жатса, біздің де рухымыз көтеріліп, бойымыз сергіп қалады. Қазақ боксшылары Тәуелсіздік алған жылдардан бері де, одан бұрын да әлемдік додалардан құралақан қайтып көрген емес. Міне, бұл Қазақстан боксының әлемдік деңгейге жеткендігінің белгісі. Бұрын бокс десе Куба есімізге түсетін. Ал қазір сол кубалықтардың өзі Қазақстанның бокс мектебіне қызыға да қызғана қарайтын болды.

- Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Күнсұлтан ОТАРБАЙ

Соңғы жаңалықтар