Қазір лауреат емес жастарды сирек кездестіресіз - Есенғали Раушанов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кейбір жастардың кітап саны Әбдіжәміл Нұрпейісов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабековтардың кітаптарынан көп. Әдебиет санға емес сапаға қараған жаңсақ принциппен дамып келеді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов Жастар жылына қатысты осындай пікір білдірді.
«Тарихтан мәлім, қай қоғамда да жастар саясаты назардан тыс қалған емес. Бұл дұрыс та. Біздің елімізде 5 миллионға жуық адам жастар болып есептелінеді екен. Бұл Жер бетіндегі шағын бір мемлекет халқының санымен бірдей деген сөз. Тек келешек қазақстандықтардың маңдайына біз көрген аумалы-төкпелі, өтпелі-кетпелі кезеңдер жазылмаса екен. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы сол жастарға байланысты. Түсінген адамға, Елбасымыз өз сөзінде тек жарқын болашақ туралы ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік туралы да айтты. Әрбір қазақ Қазақстан үшін жауапты. Әрбір жас оның Қазақстаннан басқа Отаны жоғын әр күн сайын, әр сағат сайын сезінуі тиіс. Қазақтың Отаны Қазақстан ғана. Ол біреу. Басқа Отан жоқ», - дейді белгілі ақын Жастар жылы туралы айтқан пікірінде.
Оның сөзіне қарағанда, қазір шығармашылық жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мұндай мамыражай заман бұрын соңды болған емес. Осы ретте Есенғали Раушанов бұрынғы кезеңді де салыстырып өтті.
«Біз өскен кешегі Кеңес үкіметі кезінде шығарма жазу қандай қиын болса, жазған дүниеңді жарыққа шығару одан әлденеше есе қиын болған еді. Бұны айтсақ бүгінгі жастарға ертегідей боп көрінуі мүмкін. Бүкіл Қазақстанда қазақша өлең басатын екі ақ газет болды, олар «Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» еді. Өзге басылымдар тілі қазақша болғанмен, ділі ардақты коммунистік партия мен аяулы комсомолдың сөзін сөйлеумен-ақ күндерін өткізетін. Заң солай, заман солай болды. «Жұлдыз» журналы аға буынның роман, повестерін жариялаудан босамады. Екі айда бір шығатын «Жалын» альманағы жастарды жариялап үлгермейтін. Егер жас ақын шығармасы республикалық басылымда жылында бір не екі рет жарияланса, малақайын аспанға атып қуанатын. Ал бүгінгідей топырлатып ай сайын бір топтамасын жарыққа шығару деген бақыт ешкімнің де пешенесіне жазылмады. Егемендік алғалы қазақша шығатын қаншама басылымдар пайда болды? Мұндай «молшылық» бұрын-соңды болмады дейтініміз содан. Бұл бір. Екіншіден, сіз жан жағыңызға көз салып қараңыз, көрші республикалардағы көркем әдебиетке деген көзқарас қандай, оларда қандай ахуал қалыптасып отыр? Бұл ақпараттар тасқынының заманы, әлеуметтік желілер дәурені оны білу қиын емес», - деді ақын.
Есенғали Раушанов бүгінгі Қазақстандағыдай еркіндік еш жерде жоқ екенін атап өтті. Оның пайымынша, көркем әдебиеттің таралуына мемелкет қаржысын бөліп отырған ел - Қазақстан ғана.
«Қазақтың жас қаламгері кітап шығару үшін кешегі замандағыдай жылдар бойы кезек күту дегеннің не екенін білмейді. Көрші мемлекеттердегідей жазған кітабын жарыққа шығару үшін әр мекемені бір сағалап, бай бағландарға сұрамсақтанып, қаржы қаражат іздеп табанынан тозбайды, тіпті баспаны да қажет етпейді. Бүгін жазған дүниесі сиясы кеппей жатып, ертең баспасөзде жарияланды, араға жыл салмай кітап болып шығады. Беріліп жатқан сыйлықтардың есеп-қисабы жоқ. Қазір лауреат емес жастарды сирек кездестіресіз. Олардың көбі осылай болуы қалыптағы жағдай деп түсінеді. Бұған үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар қаржыландырып жататын мүшәйрайлар мен жарыстарды қосыңыз»,- деді ол.
Ақынның пайымдауынша, мұндай жағдайда сапа құриды. Кейбір жастардың кітап саны Әбдіжәміл Нұрпейісов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабековтардың кітаптарынан көп.
«Төленде көп болса алты не жеті кітап бар, ал әлгі «толыспаған Толстой, шала Шекспирлердің» алды он бес кітап шығарып үлгерген. Біздің әдебиет қазір сан болса сапа да болады деген жаңсақ принциппен дамып (егер дамығаны рас болса) келеді. «Жоқ, әуелі сапа керек!» деген заманға да келерміз. Мұның бәрін неге айтамыз? Қолда бар алтынның қадірін білейік дегенді қайталап айтқымыз келеді. Біз жастарға сұраған еркіндігінің бәрін бердік, бірақ бұл оларға нашар жазу еркіндігі, бетімен кету, еріншектік, бекер мал шашпақтық, даңғойлық та қоса берілді деген сөз болмасын. Жастар жылында жақсы бетбұрыстар мен өзгерістерді жастардың өзінен күтеміз», - деді Есенғали Раушанов.
Еске сала кетсек, кеше Президенттің қатысуымен Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталған болатын.