Қазір мемлекетті соғыспен емес, ішіне іріткі салу арқылы жаулайды - Н.Ерімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір мемлекетті соғыс арқылы емес, ел ішіне іріткі салу арқылы жаулайды. Бұл туралы бүгін «Астана - Қазақстан халқының ұлттық бірлігін нығайтудағы негізгі факторы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қазақстанның Азаматтық альянсы бірлестігінің басшысы Нұрлан Ерімбетов мәлім етті.

Қазір мемлекетті соғыспен емес, ішіне іріткі салу арқылы жаулайды - Н.Ерімбетов

Оның айтуынша, Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтаудың маңыздылығы артпаса, ешқашан кеміген емес.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының Съезінде мемлекетті адамдар қолдауы керек, этностардың мықты келісімі мен өзара теңдігі болуы қажет деп айтқан болатын. Себебі, қазір мемлекетті соғыс арқылы емес, іштен іріткі салу арқылы жаулайды. Еуропада, Америкада, Азияда не болып жатыр?! Адамдар алаңға шығып, бірін бірі өлтіріп жатыр. Бұл мұнай бағасының құлдырауынан немесе экономикалық себептерден емес, әлеуметтік және ұлттық топтардың арасына жік салудан басталады. Бүгін соған қарсы тұруымыз шарт», - деді ол.

Оның атап көрсеткеніндей, шет мемлекеттерден келген меймандар еліміздегі бұл тыныштықты басты байлық ретінде бағалайды. Сондықтан Қазақстан жұрты бұл бірлікті өзінің негізгі қуаты ретінде сақтап қалуы тиіс деп отыр.

«Мен ҚР Президенті сайлауында бақылау республикалық қоғамдық комиссиясының басшысы болдым. Көптеген шетел байқаушыларымен кездестім. Олар Қазақстандағы ұлтаралық тыныштыққа, келісімге тәнті болды. Көшеде түрлі ұлт өкілдерін көріп, олардың бір-бірімен тату-тәтті екенін, көшеде еш қорқынышсыз серуендеуге болатынын байқады. Астана олар үшін жаңалық болды. Қазақстанға ат басын тірегенде олар тіпті бұл мемлекет қайда екенін де білмеген болатын. Олар маған азық-түлік немесе киім бағаларын айтқан жоқ, көшеде түнгі уақытқа дейін серуендегендегі әсерлерімен бөлісті. Жастардың, түрлі ұлт пен ұлыстардың бір-біріне бауырдай қарағанын, халықтың ішіндегі қаперсіз, тыныш өмірді айтумен болды», - дейді Н.Ерімбетов.