Қазір отын қоймаларында 4,1 млн. тонна көмір мен 120 мың тонна мазут жиналды - ҚР Энергетика министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен жылыту маусымын өткізу мәселелері бойынша селекторлық жиын өткізді, деп хабарланған ҚР Премьер-Министрінің сайтында.
«Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша 2014 жылдың соңына дейін қолға алынатын шаралар жоспарымен мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, тау-кен және өңдеуші өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған шаралар, сонымен бірге ШОБ қолдау, халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмау шаралары қамтылды», - делінген хабарламада. Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша, республиканың энергия жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Тұтынушылардың электрді тұрақты түрде тұтынатыны байқалып отыр. 76,5 млрд. кВТч электр энергиясы өндірілді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға көбірек. Қараша айының басына отын қоймаларында 4,1 млн. тонна көмір мен 120 мың тонна мазут жиналған. Сонымен бірге күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша облыс әкімдерінің орынбасарларының баяндамалары тыңдалды. Жиын қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен облыстық әкімдіктердің басшыларына экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтау және жылыту маусымы үзіліссіз жүруі үшін энергокәсіпорынды отынмен қамтамасыз ету бойынша шаралар Жоспарының барлық пункттерін уақытылы орындауға қатысты қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.