Қазір темірдей тәртіпке бағынуымыз керек – Абылай Мауданов

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов тұрғындарды жаңа жыл қарсаңында той тойлап, бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырмауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір темірдей тәртіпке бағынуымыз керек – Абылай Мауданов

Ақынның айтуынша, жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындар отбасылық іс-шараларды жиілетеді. Алайда, қазір той-томалақтардың уақыты емес. Сондықтан санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек.

«Мамандар эпидемиологиялық ахуал жазғы уақытпен салыстырғанда әжептәуір тұрақталғанымен, вирус қаупі әлі жоғары екенін айтады. Сөйте тұра кейбір кәсіпкерлік субъектілерінің індет қаупіне салғырт қарауы және шектеу талаптарын бірнеше мәрте бұзуы қынжылтады. Әзірше той-томалақтарға тыйым салынған. Ерте ме, кеш пе, қуаныш-тойларға рұқсат етілер. Біз ендігі жерде темірдей тәртіпке, мұнтаздай тазалыққа, жоғары жауапкершілікке бағынуымыз қажет. Өйтпесе, қиын-ақ.Әлемді әбігерлендіріп, дүниені дүрліктірген жұқпалы індет әрқайсымызды одан сайын ойландыруға тиіс. Қаншама аяулыларымыздан айырылдық. Бір қазақ туса, бар қазақ қуанатындай, бір қазақ өмірден өтсе, бар қазақ қайғыратындай күйдеміз. Тыйым салынған той-томалақтардан, басқа да жиындардан, тіпті жаназалардан қараулы, қалың вирус жұқтырып қайтыс болғандар аз емес. Алдағы айлар мен жылдар жақсылықтар әкелгей. Алайда, бәрібір, қатерлі пандемиядан кейін жан-жақты өзгеруіміз керек. Билік өзгерсін, өзгелер өзгерсін деп өзеурей бермей, өзіміз өзгермекке міндеттіміз», - дейді Абылай Мауданов.

Ақын сөзіне сүйенсек, қайткенде де той өтпей тұрмайды, отбасылық мерекелерге рұқсат беріледі. Бірақ осы індет халықты ысырапшылдыққа жол бермей, негізсіз отырыстар жасамауға үйретті. Сондықтан атқарушы билік өкілдері азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Әсіресе жалпыхалықтық мерекелер қарсаңында санитарлық талаптарды сақтаудың маңызы зор. Егер оны ұстанбасақ, пандемияға қарсы күресте оң нәтиже болмайды.