Қазіргі балаларға не жетпейді?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні бір баланы бағудың жұмысы баяғыдағы он баланы бағудан кем соқпайтыны анық. Бұрынғы балалар жылап-жылап өздігінен уанып кете беруші еді. Қазіргі балалар жыласа, дауысы ащы, ішінде бір ызасы бар, иә болмаса бір нәрсе жетіспей тұрған сияқты. Рас, баяғы ата-аналарға қарағанда осы күнгілердің әлпеші көп болғанымен бала жаны рахат табар басқа жағы кем секілді сезіледі де тұрады...
Бұл жерде «бала неге жылайды?» деген заңды сұрақ туатыны даусыз. Зерттеуші Құдайберді Бағашардың «Исламдағы бала тәрбиесі» атты кітабындағы «бала неге жылайды» деген тақырыбына үңіліп көрелік.
«...Бетез Ұлттық денсаулық сақтау институтында (АҚШ, Мэриленд штаты) жүргізілген зерттеу нәтижесінде өте көп жылайтын әрі бір жастан асқанда өте көп шыңғыратын балаларда физикалық әрі психологиялық ауытқушылықтардың жиі кездесетіндігі анықталған. Сол себепті мамандар кейде ата-анасы қалай уатса да көнбей, көп жылаған балаларды педиатрға қаратқан жөн деген кеңес беруде. Баланың жылауы барлық жерде бірдей. Мейлі ол өркениетті ел болсын немесе артта қалған ел болсын. Алайда зерттеушілердің мәліметінше, өркениетті елдің балаларына қарағанда дамымаған елдердегі балалар қарны ашқанда аз жылайды екен. Неге десеңіз, кедей елдерде көбіне анасы баласын өзімен ала жүреді. Сол себепті бала ашыға қалса, дереу емізеді. Мазасызданса, дереу жұбатуға дайын тұрады.
Жылаған балалар көбінде қолға алып құшақтағанда барып уанады. Бұл - кездейсоқтық емес. Жатырдағы соңғы төрт айын анасының жүрек дүрсілін естумен өткізген сәби кейіннен сол жүректің дүрсілін естімеген уақытта мазасыздана бастайды. Қолға алынғанда естіген жүрек дүрсілі оны қайта тыныштандырады. Ондайда сәби өзін қауіпсіз сезінеді. Сол себепті бала жылаған уақытта оны жұбату үшін алдымен қолға көтерген дұрыс. Емізу немесе тербету де баланы жұбатудағы өте жақсы әдіс».
Тақырыбымызға орай, зерттеуші маманның берген жауабы осы болса, біздің де осы тақылеттес өз пікіріміз бар. Бүгінгі күні балалар неге ызаланып жылайды, оларға, шынында, не жетіспейді? Оған тамақтың неше түрі беріледі, қарайтын адамдарға да зәрушілік жоқ. Ойыншықтың түр-түрі қасында. Әлпештеу де жеткілікті, бірақ не жетпейді соларға, не керек енді?!
Бұл сұрақтың шын жауабын бүгін ғана тапқандай болдым. Жауапты сөз патшасынан таптым.
Жыр жазғанда қазақы болмыстың қалпын бұзбай, қан-сөлін сорғалатып тұрып өзегіңе құйып жіберетін, аты алты алашқа мәшһүр Жәркен Бөдешұлы деген қуатты ақын бар қазақта. Сол шайырдың «Емендер түнде бүрлейді» деген жыр жинағын оқып отырып, «Түн ортасы ауғанда» деп аталатын өлеңіне көзім түсті. Сезініп оқыған адамның жанарына жас үйіреді бұл өлең. Ақын ақиқатында ана болудың - бала табудан басқа да толып жатқан сипаттары бар екендігін, баланы табумен, құр бағумен, мың ойыншық алып берумен аяқталмайтынын санаға осы өлеңі арқылы сіңіріп жібереді. Алланың адамға деген ықыласы - ана бойындағы аналық мейріммен ғана жететінін, оның орнын ештеңе де баса алмайтындығын терең сезіндім. Балаға шын қажет осы екенін дәп басып білдім...
Әлдеқашан түн ауған, Айдың жүзі қуарған. Ақ омырау аспанның - Жұлдыздары суалған. Шырылдайды бал-бөбек, Балдай уыз бар ма деп. Жарытпайды анасы - Оған қандай бар көмек? Бала - мешкей, Ана - жас, Көкірегі жалаңаш: Омырауының сүті жоқ, Ұйқысына шала мас. Исінуді ол білмейді, Тас емшегі иімейді. Уатпақ боп сәбиін, Ыршып, шоршып билейді. Би дейтұғын биі жоқ, Көп шоршуға күйі жоқ. Бесік жырын айтпаса, Жүрек қалай иімек... Қамалғандай құз, жарға, Ана жаны мұздауда, Тебіренбесе ет жүрек - Ақ омырау сыздар ма. Таланғандай масаға, Абыржиды жас ана. Берекесі қашқандай, Құлазиды босаға. ...
Қайран біздің шешелер, Құтқа толы кеселер. Бала емес, бар ғаламға Мейірімін еселер. Уатарда бөпесін - Бесік жырын еселер.
Омырау иіп сол маңда, Сары уызға толғанда Екі езуі көпіріп, Сәби оны сорғанда. Көмейі сүтке толғанда, Әлі келмей толғауға. Екі беті балбырап, Ұйықтамасқа жол бар ма!
Анасы иіскеп аймалап, Көңіл күйін жайламақ. Бірге қалғып кететін, Шаңырақтан ай қарап. Бөрі ұлымай жондағы, Тынышталмақ жол маңы. Қора айналған сақ төбет, Мызғып кетер ол-дағы. Ырыс келіп қонғандай, Үйдің іші болған жай. Бөбек иісі, сүт иісі, Тәтті еді ол қандай?! Жан иесін жасытпай, Түн жылжитын асықпай. Шашылатын аспаннан, Жұлдыз күміс асықтай. Қайран, сабаз шешелер, Уыз толы кеселер. Бесік жырын ұмытқан Қыздарыңды кеше гөр! Жүк ауырын көтерер, Біздің нардай шешелер. Тумай жатып суалған Келініңді кеше гөр!
Иә, солай, көп жылаған жас сәби ана мейіріміне ғана шөлдейді. Ана мейіріміне қанған бала кейін анасына деген махаббаты да зор болады. Мейірімге қанған баланың бойынан қашанда мейірім төгіліп тұрады. Сіз анаңызды бір күн көрмесеңіз сағынасыз ба? Онда сіз ана мейіріміне (қасиетіңнен айналайын) қанғансыз, уызына тойғансыз. Бейсен Сұлтанұлы