«Қазіргі кездегі фольклортану, әдебиеттану және өнертанудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылады

Академиктер Қ.И.Сәтбаев пен М.О.Әуезовтің тікелей араласуымен 1961 жылы мамыр айында Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты құрылды. Осы жылдың 27 маусымында Мұхтар Әуезов қайтыс болып, тамыз айында ұлы жазушының есімі өзі құрған институтқа берілген болатын.
Институт құрылған уақытынан бері қазақ әдебиеті мен фольклорын, өнерін зерттейтін бас ғылыми мекемеге айналды. Институт ғалымдары ұлттық әдебиет пен өнердің тарихы мен теориясын, аса көрнекті әдебиет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын зерттеумен айналысып келеді. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алаш қайраткерлерін ақтау, олардың шығармаларын табу, жинау, жариялау ісінде үлкен еңбектер атқарды.
Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға отанымыздың және Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен көрнекті ғалымдар қатысып, әдебиеттану мен өнертанудың келелі мәселелері бойынша баяндама жасайды.
Конференция 27-қыркүйек күні «Қазақстан» қонақ үйінің конференц-залында (Алматы, Достық даңғылы, 52/2) өтеді, қонақтарды тіркеу сағат 9.00-де басталады.
28-қыркүйек күні сағат 10.00-де М.О.Әуезовтің 50 томдық толық шығармалар жинағының жарық көруіне арналған тұсаукесер рәсімі өткізіледі. («Әуезов үйі» ҒМО, М.Төлебаев көшесі, 185)