Қазіргі күнде Қазақстанда үлескерлердің мүдделері 100 пайыз қорғалған
Оның айтуынша, тиісті заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, аяқталмай қалған тұрғын үйлердің құрылысына мемлекет тарапынан бөлінген, үлескерлер салған қаражат бірде-бір құрылыс салушы компанияға түспейді, енді депозитте жататын болады. «Бұл жерде үлескердің құқығы толығымен қорғалған. Тіпті құрылыс салушы компания құрып кеткен күннің өзінде, үлескер ұтылмайтын болады, оның ақшасы сақталады. Үлескер салған қаржысын қайтарып алады, оған қосымша проценттер алады», деді К. Мыңбаев.
Осы орайда, К. Мыңбаев жаңа заңнамаға сәйкес, құрылыс салушы компанияға қойылатын талаптар да қатаңдатылғанын атап көрсетті. «Құрылыс салушы компания нөлдік циклды өзі салуы тиіс, құрылысты одан әрі жалғастыруға онда белгілі бір көлемде қаржы болуы қажет. Лицензиялаудың екі кезеңі енгізілген», деді ол. Осы орайда, К. Мыңбаев Қазақстанда үлескерлік құрылыстың келешегі бар екендігін атап көрсетті. «Менің ойымша, келешекте үлескерлік құрылыс дамитын болады. Әрине, дағдарыстың салдарынан құрылыстың көлемі төмендеп кетті. Егер біртіндеп экономикамыз қалпына келетін болса, сұраныс ұсынысты туғызады», деді ол. Оның айтуынша, енді Қазақстанның құрылыс нарығында тиісті заңнаманың талаптарына сәйкес келетін құрылыс компаниялары ғана жұмыс істейтін болады.