Қазіргі күні мемлекеттік электрондық сатып алулар порталы ең көп пайдаланылатын нұсқаның біріне айналып отыр - Қ. Есекеев
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік төрағасының айтуынша, 2010 жылдың басынан бері қарай, электрондық мемлекеттік сатып алулар веб-порталында 43 мың 285 қатысушы тіркелген. Бұның ішінде, 19 мың 491-і тапсырыс беруші, 17 мың 782-сі ұйымдастырушы және 23 мың 347-сі әлеуетті тасымалдаушылар болып табылады. Агенттік мәлеметтеріне қарағанда, ақпан айының 23-індегі жағдай бойынша электрондық сауда алаңында барлығы 581 мың 613 лот жарияланған. Сонымен бірге, 138 мың 572 лот бойынша нәтижелер бекітілген.
Жалпы, бағалық ұсыныстар әдісі бойынша сатып алулар жасалғанда орташа үнемделетін қаражат 5 млрд. 620 млн. теңгені немесе 23,78 пайызды құрайды.