Қазіргі оқушылар білімге байланысты ақпараттың ден көпшілігін экраннан алады - Ахметжан Есімов
АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазір білім беру ісі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамуда. Бұл бүгін Алматыда өткен білім беру қызметкерлерінің он-лайын жүйесіндегі "Отбасы. Мектеп. Қоғам - игілікті болашақ үшін" деген тақырыптағы дәстүрлі тамыз кеңесінде сөз болды.
«Халықаралық сарапшылардың айтуынша, әлемдегі ғылыми-техникалық білімнің мазмұны 3 жыл сайын түбірімен өзгеріп отырады екен. Демек, ондай қарқынға ілесу үшін мектептердегі білім мазмұны да жыл сайын толығып, ал мұғалім өз білімін күн сайын жетілдіріп отыруы керек. Қазіргі оқушылар білімге байланысты ақпараттың басым бөлігін, кейбір деректер бойынша 60 %-дан астамын, экраннан алады екен. Демек, олар мектеп оқулығына да, мұғалім біліміне де үлкен салмақ түсіреді», - деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, Алматы сияқты білім, мәдени орталықтың ұланын тәрбиелеуде оқытушылардың міндеттері одан сайын ауырлай түсетіні сөзсіз. Сондықтан Алматы мектептерінің мұғалімі болу бір жағынан абыройлы іс болса, екінші жағынан қиындығы мен жауапкершілігі зор қызмет. Оның үстіне, біз өмір сүріп отырған уақыт - үнемі тың көзқарасты, жаңашылдықты қазіргі тілмен айтсақ, иновациялық технологияны талап ететін кезең.
«Тәуелсіздік жылдарында Алматы қаласында 42білім беру нысандары іске қосылды. Оның ішінде: 19 жаңа мектеп ашылып, 5 мектеп жаңа ғимаратқа көшті, 5 мектепке қосымша ғимарат салынды, 1 мектеп-интернат ашылды. Сондай-ақ соңғы 3 жылда 10 балабақша іске қосылды. Соның нәтижесінде білім беру ұйымдарының жалпы саны 561-ге жетті. Ал жаңа үлгідегі гимназия мен лицейлердің қатары 1-ден 74-ке дейін өсті», - дейді А.Смағұлұлы. Шаһар басшысының сөзіне қарағанда, 20 жылда қазақ мектептерінің саны 7-ден 50-ге жетіп отыр. Ал қазақ тілінде оқитын балалардың саны 8 мынан 70 мыңға артты. Оның ішінде 1500 орыс, кәріс, украин сияқты өзге ұлт өкілдерінің балалары да бар. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қазақ тілінде оқитын балалардың саны 7 мыңнан 20 мыңға, кәсіптік лицейлер мен колледждердегі оқушылар 2,5 мыңнан 31 мыңға өсті. Ендігі мақсат, білім мен тәрбие сапасын арттыра отырып, әлемдік бәскелестікке лайық білім жүйесін қалыптастыру болып отыр.