«Қазіргі продюсерлеріміздің басты мақсаты - тойдың бағдарламасын жасап, әртісті тойға сату» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 мамыр, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төраға­лық етуімен Президент жанын­да­ғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы болды. Онда құ­рылыс, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық және жер қатынас­та­ры салаларындағы көкейкесті мәселелер талқыланды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Жемқорлықпен күреске жойқын міндет жүктелді» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, Елбасының биылғы нау­рыз­дағы Жарлығына сәйкес Президент жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес мәсе­ле­лері жөніндегі комиссия құрамы­на бірқатар өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілген. «Қанша айтылса да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және жер қатынастарын пайдалану сала­ларында сыбайлас жемқорлық әрекеті жойылмай отыр. Бұған шын мәнінде бұғалық салатын уақыт әбден жетті. Сондықтан, аталған отырыста осы салалардағы сыбайлас жемқорлықты жою және оны мүмкіндігінше азайту үрдісін орнықтыратын тиісті тетіктерді қолдану қажеттігі айтылды. Өйткені, бұл тетіктердің тиімділігіне қарай азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақса­ратыны белгілі», - деп жазады басылым.

Елбасының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері осы жылдың аяғына дейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді. Ал аттес­таттау дүйсенбі күні басталмақ. Онда қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы ғана тексеріліп қоймай, сонымен қатар адамгершілік қасиеті жағынан атқаратын қызметіне сәйкестігі және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім қызметкерлерден арылу таразыға тартылмақ. Әзірге таразының қай басы басатыны белгісіз. Осы орайда аттестаттаудан кейін жағдай қандай болмақ және құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау барысында қайта аттестаттаудан өткізуді болдырмайтын, іріктеудің жаңа, жоғары критерийлері бойынша талаптар бола ма, жоқ па деген секілді сауалдар туындайды. Соған байланысты Бас прокуратураның кадр жұмысы департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет аға кеңесшісі Роза Досымбековаға жолыққан «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі толғандырар бірқатар сұраққа жауап алған. Сұхбат «Шетел тәжірибесі ескеріле ме?» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш  айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевамен арадағы сұхбат «Қазіргі біздің продюсерлеріміздің ең басты мақсаты - тойдың бағдарламасын жасап, әртісті тойға сату» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген әнші: «Мен алғаш сахнаға шыққан кезімде қазақ сахнасында бар болғаны төрт-бес әнші жүретінбіз. Олардың барлығы бірнеше халықаралық байқауды жеңіп алған, Қазақстанның өнерін талай рет дүниежүзіне танытқан әншілер болатын. халық осындай жоғары деңгейлі әншілердің концертіне жаппай келетін. Қазір бір сахнаға 99 әнші шығады, солардың бәрі - шетінен жұлдыз. Саны көп, сапасы жоқ. Осыған қатты қынжыламын. Сондықтан өнеріміз сапаға көшсе екен деймін», - дейді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, елімізде артық салмақ жинап, семіздің дертіне шалдыққандардың саны артып барады. Бұл жөнінде Тағамтану академиясы мәлімдеп отыр. 2010 жылғы деректерге сәйкес, елімізде 4 миллионнан астам адам семіздік дертіне шалдыққан екен. Ал статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын сартық салмақ жинайтын адамдардың саны 1,2 пайызға ұлғаяды. Қазіргінің өзінде халықтың 40 пайызы семіздік дертінің зардабын шегуде. Мамандардың пайымдауынша, семіздіктің халықты дендеп алуна ең алдымен жылдам дайындалатын тағам түрлері сеп болады. Мақала тақырыбы - «Семіріп барамыз...».

Осы басылымда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құдайберген Тұрсынмен арадағы сұхбат «Отандық телеиндустрияға реформа қажет» деген тақырыппен басылды. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Амал не, біз күні бүгінге дейін эфирде көрерменге «эмоционалды-интуитивті» түрде ғана әсер етуге қол жеткіздік. Экранға жарты ғасыр аз мерзім емес. Қай салада болсын аудиторияға аса терең, жан-жақты, мағыналы және мәнді мәліметтерді бере отырып, оның тиімділік жақтарын да естен шығармауымыз керек», - дейді.

***

«Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді», деп жазады «Казахстанская правда»  газеті. Басылымның атап өтуінше, Елбасы өңірдегі жұмыс сапары бағдарламасы аясында индустриалық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қатысатын кәсіпорындарда болды. Бірінші өсімдік майын шығаратын зауытқа ат басын тіреген Мемлекет басшысы одан кейін «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да болып, зауыт өнімдерімен жан-жақты танысты. Мақала «Курсом конкурентоспособности» деген тақырыппен берілген.

***

Алматының Перинатология және балалар хирургиясы орталығында жаңа туған үш нәресте көз жұмды», - деп жазады «Время» газеті бүгінгі санындағы «Фабрика слез» деген тақырыптағы ақпаратында. Басылымның атап өтуінше, осы қайғылы оқиғадан кейін орталық шұғыл арада жабылған. Мақалада баласынан айырылған аналардың сөздері де қоса берілген.

***

Зейнетақы қорын қалай таңдау керек әрі бұл ретте нені басшылыққа алған жөн? Бұл сауалдарға «Литер» басылымы бүгінгі нөмірінде жария еткен «Просчитывай пенсию» деген тақырыптағы мақаласында жауап беруге тырысқан. Сонымен қатар білікті мамандардың да пайымдарын берген.

Соңғы жаңалықтар