Қазіргі таңда елімізде 2300 мешіт бар
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстандағы барлық мешіттерді бір орталыққа қарату, олардың қызметтерін қадағалап, басын қосып отыру - елімізде Ислам дінінің ел арасында дұрыс насихатталуының үлкен кепілі.
Сонымен қатар Ислам діні көптеген ұлттар мен ұлыстар мекендеген республикамызда татулық пен достықтың, өзара келісім мен бірліктің нығаюына өз үлесін қосатыны даусыз. Осыны ескере отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барлық облыстар мен өңірлердегі мешіттерді 2000 жылдан бастап өзінің филиалы етіп тіркеуден өткізу іс-шараларын бастаған болатын. Бүгінгі таңда еліміз бойынша олардың саны 2300 мешітті құраса, бұлардың басым көпшілігі филиал болып тіркеуден өткен. Қаражат тапшылығы қиындық тудырып әлі тіркеле алмай отырған мешіттеріміз де кездеседі.
«Осман ибн Аффаннан (р.а.) риуаят еткен хадис шарифте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кім Алланың дидарын қалап, оның жердегі үйін тұрғызса, Алла тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» - дегенін естідім», - деген екен. Аллаға тәубе еліміздің барлық облыстары мен өңірлерінде Алланың үйлерінің саны күн санап өсуде. Бұлардың бірқатары жеке азаматтардың қаржысына тұрғызылса, сонымен бірге қайырымдылық қорлардың демеушілігімен тұрғызылып жатқан мешіттер де бар. Бұған қоса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіт істері бөліміне еліміздің түкпір-түкпірінен өз ауылдарында мешіт тұрғызып беруін өтініп жазған хаттар да көптеп келеді. Дегенмен, Діни басқарманың бұған қаржылай мүмкіншілігі шектеулі. Бірақ осы мазмұнда келіп жатқан хаттарды арнайы тізімге алып, мешіт тұрғызуға ниет білдірген қайырымдылық қорларға хат туралы толық мәлімет беріп дәнекерлік етеді. Қазақстандағы барлық мешіттер ҚМДБ-ның меншігі болып саналады.